Мирзеевке арналған Конституция... Францияда күнде ереуіл
Ол Ислам Кәрімов секілді 26 жыл Президент болғалы тұр
Сонымен, Өзбекстан жаңа редакциядағы Конституция бойынша референдум өткізіп тастады. Едәуір өзгертілген заң қазіргі Президент Шавкат Мирзеевтің 2042 жылға дейін тақта тапжылмай отыруына мүмкіндік береді. Мирзеев бұған дейін 7 жыл билік басында болғаны белгілі. Өкілеттігі 2042 жылға дейін созылған жағдайда, тура Ислам Кәрімов секілді 26 жыл Президент болғалы тұр.
Өзбекстанның Конституциясы да Қазақстандағы сияқты жиі өзгертіледі. Заң алғаш 1992 жылы қабылданған. Содан бері елдің ата заңына 15 рет өзгерту енгізілген. Мирзиеевтің тікелей бастамасымен өткен референдум ел президентінің өкілеттігін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуға жол ашты. Енді Шавкат Мирзиеевтің президенттік мерзімі нөлге тең болады және ол 2026 жылы үшінші рет сайлауға түсіп, 2042 жылға дейін билікте отыра алады.Өзбекстан азаматтары түзетулерге дауыс берді.
Өзбекстанның ОСК басшысы Зайнитдин Низамходжаев таратқан мәліметте «Референдумға шығарылған мәселені қолдап 15 040 056 адам дауыс берген, бұл дауыс беруге қатысқандардың 90,21%». Ал учаскелерге келгендердің 9,35%-ы конституциялық заң жобасына қарсылық білдірген, бюллетеньдердің 0,49%-ы жарамсыз деп танылды.
Нәтижесінде Өзбекстан Конституциясы 65%-ға жаңартылып, 27 жаңа бап енгізіліп, олардың жалпы саны 155-ке жетіп жығылды. Басқа өзгерістердің ішінде сенаторлар санын 45%-ға қысқарту, парламенттің төменгі палатасының бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін бекіту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу бар.
Айта кетейік, 26 жыл билік басында отырған Ислам Каримов қайтыс болған соң 2016 жылы Шавкат Мирзеев Өзбекстан Президенті болып сайланды. Осылайша Мирзеев авторитарлық билікті сақтап қалды.
Осы аптада Путин басқаратын Ресейді әлем елдері «Агрессор» деп танығаны туралы ақпараттар желдей есті. 26 сәуірде Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы «БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасында ынтымақтастық» атты резолюция қабылдаған. Құжатта Ресейдің Украинаға, одан бұрын Грузияға агрессиясы туралы айтылған. Дауыс берген елдер Кремльдің басқыншылығын айыптаған. Олардың арасында Қазақстан жоқ болып шықты, әдеттегідей қалыс қалыпты. Желіде тараған фейк ақпараттарға сенген депутаттарымыз қызды-қыздымен Қазақстанның батылдығын айтып мақтанып қалып еді, ақпараттың жалған екені анықталған соң ауыздарына құм құйылды.
Ал франциялықтар агрессиясын ел президенті Макронға төгіп жатыр. Күні кеше Парижде халық ереуілге шығып, оның соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Митингке шыққандар зейнет жасын 62-ден 64-ке созуды тоқтатуды талап етті. Елде ереуілдердің жалғасып келе жатқаны бүгін ғана емес. Наразы халық бірнеше айдан бері шерулетіп жатыр. Бас көтергендер қамауға алынып, оларға көз жасаурататын газ қолданылған.