Наурыз айында шетелден әкелген телефондар бұғатталатыны рас па?

Телекоммуникациялар комитетінің сымсыз байланыс жобаларын дамыту және бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына өзгерістер 24 наурызда күшіне енетінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
24 наурыздан кейін белгілі бір нөмірлер бұғатталады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі норма 24 наурыздан кейін Қазақстанға келетін телефондарға қатысты қолданылады. Ал оған дейін сатып алынған телефондар бірден «ақ» тізімге енеді. Бұл өзгерістің басты мақсаты телефонның зауыттан қолданушыға дейінгі жолы ашық әрі заңды болуы. Бұл заңсыз телефондарды енгізуге тыйым салады, - деді Төлегенов.
Сондай-ақ, мемлекеттік радио жиілік қызмет өкілі Сәуле Темірхан аталған норманың кімге қатысты екеніне тоқталып өтті.
Телефон қолданатын қарапайым азаматтарға бұл норманың әсері жоқ. Ол телефон сатумен айналысатын адамдарға қатысты болмақ. Яғни, импорттаушылар мен өзі үшін сатып алған жеке тұлғалар сәйкестендіруден өтеді. Бұйрық шыққан соң порталға сілтеме салынады. Сонда тіркеліп, телефонның сипаттамасын жазу керек. Телефонды импорт ретінде әкелгендер декларация құжаттарын, жеке тұлғалар шекараны кесіп өту мен телефон алынған елді жазады. Бұл ақпарат GSM жүйесінен тексеріледі. Сондай-ақ ақпарат елдің кеден органдары мен салық, шекара қызметінде тексеріледі. Ол бойынша ақпарат расталса, қондырғы сәйкестендіріледі, – деп қоса кетті ол.
Егер қондырғы сәйкестендіруден өтсе, ол "ақ тізімде" болмақ. "Сұр тізім" үшін 30 күн уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде олар телефонын тіркесе, "ақ тізімге" ауысуға мүмкіндік бар. Ал "қара тізімге" GSM жүйесіне енбеген, бұғатталған және ұрланған телефондар енеді.
Сондай-ақ, "қара тізімге" жалған қондырғылар мен талаптарға сәйкес болмаған телефондар да кіреді. Ондай телефондар ұялы байланысқа қол жеткізе алмайды. Алайда "қара тізімде" тұрған телефонды 30 күн өтсе де, оны тіркеп, "ақ тізімге" өтуге мүмкіндік беріледі, – деді Мемлекеттік радио жиілік қызмет өкілі.
Енді не тексеріледі?
Негізгі жаңашылдық мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасы болмақ. Жаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе мына параметрлерді тексереді:
Құрылғының IMEI кодының түпнұсқалығы;
IMEI кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауы;
Құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені.
Министрлік өкілдері өзгерістер тек Қазақстан аумағына жаңадан әкелінген құрылғыларға қатысты екенін, бұрыннан бар және ИКД базасына енгізілген мобильді телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енетінін, ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыратынын ескертті.
Қандай тізімдер пайда болады?
Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:
Ақ тізім - сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.
Сұр тізім - уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауға тиіс. "Сұр тізімдегі" құрылғы иелері құрылғыны 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажет екенін ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.
Қара тізім - заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Бұл қолданушыларға қалай әсер етеді?
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда бұрыннан қолданыста бар телефондар ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді, қосымша әрекет қажет емес.
Азаматтар 24 наурыздан бастап смартфон сатып алмас бұрын, IMEI кодты imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазір сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылып жатқаны белгілі болды.
Шетелден әкелінген телефон иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек. Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады.
Қашан күшіне енеді?
Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң, яғни 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.
Фото: pixabay
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
