Назарбаевтан «бата алған» президент және Моңғолиядағы шеру
67 адам ұсталып, 7 полиция қызметкері зардап шеккен
Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында кеше бейбіт шеру басталған. Моңғолия Үкімет үйінің алдындағы орталық алаңына жиналған шеру әлі жалғасып жатыр. Осыған орай Malim.kz тілшісі оқиға орнында болған бірнеше адаммен сөйлесіп көрді.
Моңғолиялық ақпарат құралдарының дерегінше, наразылардың басты талаптары: бағаны түсіру және жұмыссыздық проблемасын шешу.
«Зат бағасының өсуі, халық жағдайының нашарлауы, айлық-жалақының аздығына наразы мыңдаған жастар бейбіт шеруге шықты. Алаңда 30-40-тай ұланбатырлық қазақ жастары да бар. Тікелей эфирден ақпарат таратып жатқан сайттардың интернетін өшіріп тастап жатыр. Бұл ешқандай партиялық тартыс емес, жастардың шеруі. Кеше алаңға келген Демократиялық партияның өкілдерін алаңнан жастар қуып тастады», – дейді Моңғолиядағы қандасымыз Ержанат Далайхан.
Бізге жеткен деректер бойынша бейбіт шеруге шыққандар қаладағы ғимараттар мен мүліктерге зақым келтірмеген. Үкімет те шерушілермен диалогқа шығып, талап-тілектерін тыңдады. Тіпті Моңғолияның премьер-министрі Л.Оюун-Эрдэнэ жастардан кешірім де сұрады.
«Премьер-министр орталық алаңға шеруге шыққандармен кездесті. Жастардан кешірім сұрап, олардың талаптарына жауап берді. Сондай-ақ, жастардың өтініші бойынша дәл қазір үкіметтің кезектен тыс отырысы өтеді. Үкімет зат бағасының өсуін реттеу туралы заң жобасын Парламентке жолдады», – дейді моңғолиялық журланист Э. Ариуна.
Алайда «шеруге шыққан жастар әлі де алаңнан кеткен жоқ. Олар үкіметке тағы да 15 талап қойды», – дейді Ержанат Далайхан.
Сондай-ақ Моңғолия Премьер-министрі Л.Оюун-Эрдэнэ шеруге шыққандарың арасынан 67 адам ұсталып, 7 полиция қызметкері зардап шеккенін мәлімдеді.
Алаңға шыққан жастардың Демократиялық партия өкілдерін қуып жіберуі – олардың талап-тілектерін саяси партияның пайдаланып кетуіне жол бермеу үшін жасалған. Malim.kz дереккөздерінің мәліметінше, олар партия өкілдеріне: «кетіңдер, бұл біздің наразылығымыз, өзіміз шығамыз», деп айтқан. Ал, соққыға жығылған 7 полицияның жағдайы ауыр көрінеді.
Моңғолия – демократиялық елдердің бірі. Алайда бұл жолғы митингіге кейбір демократиялық талаптар да бұзылып жатқаны байқалады. Мұны кейбір моңғолиялықтардың пікірінше, өткен жылғы 10 маусымда сайланған жаңа призидент У.Хүрэлсүхтің жүйесінен көреді. Естеріңізде болса, сол кездегі Моңғолия Премьер-министрі болған У.Хүрэлсүх сайлауға түсерінен бұрын «Қазақстанға арнайы келіп, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «батасын» алып қайтты» делінген болатын кейбір бейресми деректердерде. Моңғол Халық партиясынан сайланған Ухнаагийн Хурэлсух – Моңғолияның алтыншы президенті.
Соңғы келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Уланбатыр қаласында басталған шеру қазір Моңғолияның басқа аймақтарында да жалғаса бастаған. Эрдэнэт қаласы және Говь-Алтай, Хөвскөл аймақтарының орталық алаңына жұрт жиналғаны жайлы айтылып жатыр.
Моңғолия, Ұланбатыр қаласы. Митинг. 08.04. 2022.