Орталық Азия тыныштығын бұзу кімге тиімді?

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 23.08.2021

Ауғанстан мәселесі соңғы бір аптада әлем назарын өзіне аудартып тұр. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияны да айналып өткен жоқ. Қазіргі уақытта Ауғанстан билігін күшпен басып алған Талибан қозғалысының алдағы уақыттағы іс-әрекеттеріне байланысты әртүрлі болжамдар айтылуда. Оның ішінде тәліптердің Орталық Азияға қауіпі жөнінде де айтылуда. Осыған байланысты бүгін біз «Ауғанстандағы тұрақсыздықты аймақтық державалар қалай пайдалануы мүмкін және Ресейдің Орталық Азияға ықпалы қандай болмақ?» деген сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн санадық.

«ТҮЙМЕДЕЙДІ ТҮЙЕДЕЙ ҚЫЛУ. РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫН ЖОҒАЛТҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Шығыстанушы Нұрат Ілияс Ресей Ауғанстандағы мәселені өзінің геосаяси мақсаттарына пайдалануы мүмкін дейді. Оның сөзінше, Мәскеу «түймедейді түйедей етіп көрсету арқылы» Орталық Азиядағы ықпалын одан ары арттыруы ықтимал.

«Ресей «түймедейді түйедей етіп көрсетіп», саяси ойындарға баруы мүмкін. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан президенттерінің келіссөздер жүргізуі АҚШ-тың ойынына түспей, Ресей өзінің Орталық Азиядағы ықпалын сақтағысы келеді... Ресейде «тәліптер келіп қалуы мүмкін» деген желеумен менің қолтығымның астына кел деген сценарий бар. Бұдан бөлек, Ресей Орталық Азияға Ауғанстаннан келетін босқындардан қауіптенеді. Кеше Владимир Путин босқындардың келуіне қатысты қарсы мәлімдеме жасады. Онда ол Ресейдің Орталық Азиямен арадағы шекарасы ашық екенін, босқындардың есектеріне мініп алып дала кезіп кетуі мүмкін екендігін айтты», - дейді Ілияс.

Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан Ресейдің Ауғанстандағы жағдайды өзінің геосаяси мақсаттарына пайдалануы Владимир Путинге байланысты деп есептейді. Оның айтуынша, барлығы Путиннің қолында тұр.

«Қазір әркім, әртүрлі болжам айтуда. Ресейдің Ауғанстан мәселесін Орталық Азияда өзінің геосаяси мақсаттарына пайдаланып кетуі тікелей Владимир Путинге байланысты. Ол Путиннің қолында тұрған нәрсе. Путин оны кез келген уақытта пайдалануы мүмкін. Бірақ әзірге ол «Орталық Азия елдерінің шекараларында тәліптерге басымдық бермейміз» деп уәде беріп отыр. Қазір Орталық Азия елдерінің президенттері Кремльге барып, Ауғанстанға байланысты мәселелеріне жауаптарын алып қайтып жатыр. Талибаннан қауіпі бірінші кезекте Ауғанстанмен шекаралас Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға төнеді. Соңғы екеуінің әскері тәліптерге төтеп береді деп мен айта алмаймын... Ресей тәліптерді геосаяси ойындарына пайдаланғысы келсе, оларға қару беріп, Орталық Азия шекарасына жақын жерлерде соғыс ойындарын ұйымдастыртуы мүмкін. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдерін қорқытып-үркітіп, неше түрлі ойын салуы ықтимал. Бірақ мен бұны нақты кесіп айта алмаймын. Десе де, Ресей қалай шешеді, солай болады», - дейді Сайлан.

«АУҒАНСТАНДА СОҒЫС ӨРТІНІҢ ТҰТАНУЫ АҚШ ҮШІН ТИІМДІ»

Нұрат Ілияс Ауғанстанда соғыс өртінің тұтанып, аймақ тыныштығының бұзылуы АҚШ үшін тиімді деп есептейді. Оның сөзінше, әзірге АҚШ-тың Ауғанстан өртін Қытайға қарата үрлей ме, жоқ әлде Ресейге қарата үрлей ме белгісіз.

«Бұл өрттің басы Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасынан басталады. Қазір Қытай Еуропаға зат сатса, оның 85 пайызы теңіз арқылы кетіп отыр. Ал НАТО әскері Қытайдың оңтүстігіндегі үнді-тынық мұхитында жүр. Олар қаласа Қытайдың сауда жолын жауып тастайды. Ал Қазақстан Ресей арқылы өтетін жолды жаба алмайды. Өйткені бұл жерде НАТО-ның әскері жоқ. Қытай бұл жолға мүдделі. Осыған байланысты қандай да бір келісімге кел алмағаннан кейін, АҚШ дәл осы Орта Азия аймағынан өрт тұтандырады. Бұл жерде соғыс өрті тұтанса мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ үшін ешнәрсе емес. Ол өртті Қытайға үрлей ме, Ресейге үрлей ме белгісіз. АҚШ үшін бұл тиімді. Оның Ауғанстаннан кетіп жатқаны да содан. АҚШ Ауған үкіметімен ғана емес, Талибанмен де келіскен сияқты. Біз бұны нақты білмейміз. Қазір әркім өзінше қорқып, сескеніп жатыр», - дейді Ілияс.

«АУҒАНСТАНДЫ ЕШКІМ БАСЫП АЛА АЛМАДЫ ДЕГЕН ӨТІРІК»

Нұрат Ілияс Ауғанстанда болып жатқан дүниелердің барлығы геосаясат дейді. Оның айтуынша, Ауғанстанды ешкім басып ала алмады деген сөздердің барлығы өтірік. Кабул әу бастан әлемдік державалардың геосаяси ықпалында болған. Бұл жолы болып жатқан дүниелер де соның жалғасы.

«Бұл жерде жүріп жатқан геосаясат қой. Ауғанстанды ешкім басып ала алмады дегеннің барлығы өтірік. Кез келген уақытта басып алған. Ауғанстан бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ағылшын империясы мен Патшалық Ресей  ортасындағы санитарлық кордон болды. Одан кейін 1979 жылы Кеңес Одағы басып кірді. Ол кезде оларды Америка қызғанып қорғады. Кейіннен Талибан кірді. Қысқасы, бұл Орта Азияда Қытай, Иран және Ресейге қарсы өртті тұтандыру», - дейді Ілияс.

Болат Сайлан АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару арқылы беделінен айырылды деп есептейді. Оның сөзінше, АҚШ аймақтан кету арқылы Ауғанстанның берекесін кетіріп кеткен.

«АҚШ Ауғанстанға кіруін кірді, бірақ шығарда берекесін кетіріп кетті. Адамдардың ұшақ астында өліп жатқан жағдайға дейін жеткізді. Бұл өте қиын жағдай. Мен АҚШ беделінен айырылды деп есептеймін», - дейді Сайлан.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін тамыздың 15-і күні Талибан Кабулды басып алып, билік солардың қолына өткен. Сол уақыттан бері әлем назары Ауғанстанға ауған.

Фото: novayaepoxa.com

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

02.12.2024

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

02.12.2024

БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктері кептеліп қалған

01.12.2024

АҚШ Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатты

01.12.2024

Ескі һәм жаңа соғыс: Алеппо үшін шайқас…

29.11.2024

Путин Украинаны тағы да "Орешник" зымыранымен атқылайтынын мәлімдеді

28.11.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады

Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

Сирияның “Хаят Тахрир аш-Шам” бастаған антиүкіметтік құрылымдары Мәскеу мен Асад режиміне нағыз “блицкригтің қандай болатынын” көрсетіп бағуда.

БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктері кептеліп қалған

Қазақстанға кірер бағытта бір жол ғана істеп тұр

АҚШ Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатты

Себебі, ЕО-мен келіссөзді тоқтатып, наразылықты күшпен басқанын айыптайды

Ескі һәм жаңа соғыс: Алеппо үшін шайқас…

Ливандағы соғыстың келісім сұлбасы енді-енді көріне бастаған секілді еді. Израиль мен “Хезболла” бітімге кеп, “ХАМАС” та ұрысты тоқтату туралы араша сұрағандай әңгімелер айтыла бастаған еді…

Путин Украинаны тағы да "Орешник" зымыранымен атқылайтынын мәлімдеді