Песков: Бұл – таза фантастика
Песков Трамп пен Путиннің сөйлескенін жоққа шығарды.
Фото: amic.ru
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков The Washington Post газеті жалған ақпарат таратты деп айыптады. Бұл туралы ВВС хабарлады. Газет 7 қараша күні Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесті деген болатын.
Песков дүйсенбі күні таңертең РБК мен ВВС журналистеріне жауап беру сәтінде: «Бұл беделді басылымдарда жарияланатын ақпарат сапасының ең айқын мысалы. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Бұл – таза фантастика, бұл – жалған ақпарат», – деп мәлімдеді.
Washington Post газетінің хабарлауынша, Трамп 7 қараша күні Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылаған. Газеттің жазуынша, Трамп Путинді жағдайды ушықтырудан алшақ болуға шақырған.