Басқарушы элитаның басында кім тұр? Саяси элитаның рейтингі жарияланды

Аялдар Күнтуған

  • 20.01.2025

Қазақстанда 2024 жылдың IV тоқсанына арналған басқарушы элитаның қорытынды рейтингі дайындалды. Бұл рейтингті «Стратегия» қоғамдық қоры әзірлеген, деп хабарлайды Malim.kz.

2009 жылдан бері «Стратегия» қоры басқарушы элитаның тиімділігін бағалау үшін сараптамалық сауалнама жүргізіп келеді. Бағалау үш параметр бойынша 1-ден 7 балға дейін: жұмыс тиімділігі, ақпараттық ашықтық және жетекшінің беделі негізінде түзіледі.

ТОП-5 рейтинг:

1. Ерлан Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бірінші орынды (4,58 балл) иеленді. Сарапшылар оның барлық үш критерий бойынша көрсеткіштерінің теңгерімді екенін атап өтті, әсіресе жетекшінің беделін (4,8 балл) жоғары бағалады. Қошановты «саяси ауыр салмақтағы тұлға» ретінде сипаттады. Мәжілістің белсенділігі, «шынайы талқылаулар», «тікелей эфирлер» мен Парламенттің рөлінің күшеюі оң бағаланды, бірақ депутаттардың популизмі мен заң жобаларын өткізуіне қатысты сын да айтылды.

2. Ерлан Қарин 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екінші орынды (4,28 балл) иеленді. Сарапшылар оның түрлі саяси және сараптамалық топтармен диалогты жүргізудегі модераторлық рөлін жоғары бағалады. Оның мемлекеттік саясатты әзірлеуге ықпалы назарға ілінген, бірақ шектеулі өкілеттіктері көптеген бастамалардың практикалық іске асуын тежейтіні де айтылды.

3. Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев үшінші орынға (4,14 балл) жайғасты. Сарапшылар Сенаттың ақпараттық ашықтығын (4,47 балл) жоғары бағалағанымен, жұмыс тиімділігінің төмендігін (3,58 балл) атап өткен. Заңнамалық бастамаларды бастапқы кезеңдерде жарыққа шығарудағы әлсіз тұстары сынға алынды.

4. Қанат Бозымбаев

Вице-премьер Қанат Бозымбаев төртінші орынға (4,17 балл) тұрақтады. Сел мен дағдарыс жағдайларындағы іс-әрекеттері оң бағаланғанымен, сарапшылар 2025 жылы оны құрылымдық мәселелерді шешуге арналған қиын жағдайлар күтіп тұрғанын атап өткен.

5. Мұрат Нұртілеу 

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бесінші орында (3,96 балл). Сарапшылар министрліктің халықаралық аренадағы жұмысын жоғары бағалады, бірақ ақпараттық ашықтықтың (3,58 балл) төмен деңгейін атап өтті.

ТОП-20 рейтингінде Ерболат Досаев пен Жеңіс Қасымбек (Алматы мен Астана қаласының әкімдері) жоғары орындарға ие болды. Сондай-ақ, Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев та аталған тізімде бар.

Әйел басшылар арасында ең жоғары орынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ие болды.

Рейтингтің 19-орнында президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дадебай тұр (оның жасы небары 45-те).

Фото: gov.kz