Қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу ауқымы кеңейді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттейтін арнайы комиссия тың бағытта жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына мемлекеттік комиссия мүшелері, ғалым-заңгерлер, депутаттар, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы ел тарихын зерделеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтірудің және тоталитаризм жағдайында зардап шеккен қазақстандықтар туралы зерттеудің жаңа кезеңін бастады. Бүгінде Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарында 316 сарапшы-ғалым еңбек етеді. Осының ішінде, 261 адам жабық архивтерде зерттеу жүргізуге мүмкіндік алды.
Жұмыс тобының мүшесі, Сирек кітаптар және қолжазбалар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықовтың айтуынша, қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерін зерттейтін комиссия мемлекетаралық деңгейде жұмыс атқарып жатыр. «Зерттеумен айналысатын комиссия мүшелерінің архив, басқа да тарихи дүниелер орталығына кіріп жұмыс істеуге рұқсаты бар», - дейді Жандос Болдықов.
Ашық дерек көздеріне сүйенсек, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргінде Кеңес заманында Қазақстанда 120 мыңнан астам адам қудалауға ұшырап, 25 мың адам ату жазасынан мерт болған.
Зардап шеккендердің жекелеген топтарын оңалту мәселелерін қарастыруда 11 арнайы жұмыс тобы құрылған. Олардың алдына қойған мақсаттары мен міндеттері, атқаратын қызметтері белгілі. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы заңнамаларға ұсыныстар әзірлеу; Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, зерттеп, саяси ақтауға жататын адамдардың санаттары мен тізімін бекіту; Ақталған адамдарға жерлеу орындарын дайындап, оларды іздестіріп, мәңгі есте сақтау, сонымен қатар тиісті тәртіпте ұстау үшін ұсынымдар әзірлеу; Ақталған азаматтардың құқықтары мен мүддесін қалпына келтіру мәселелерін қарастыра отырып, өтініштер мен шағымдарды қарау.
Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде жергілікті комиссиялар жұмысы ұйымдастырылуда. 500-ден астам адамның ақтаңдақтар тарихын түгендеумен айналысып жатыр. Мәселен, биыл Елорда әкімдігі жанындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс топтары отырыс өткізіп, өңірлік комиссия қызметінің алдағы міндеттерін нақтылады. Алдағы уақытта «Ақмола өңірі 1920-1940 жж.мұрағаттық құжаттарда» жинағын сақтау және жариялау міндеті тұр.
Маңғыстау облысында да бұл бағытта толымды істер жүзеге асырылуда. Айталық, қазіргі таңда 786 адамның мәліметі табылған. Бұл мәліметтер сараптамадан өтіп жатыр, қорытындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандар ақталуға ұсынылады. Одан бөлек, Маңғыстау жерінен өзге өңірлерге көшіп кеткен 1000 босқынның тізімі жасақталып жатыр. Оларды да алдағы уақытта ақтау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Зерттеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын таба бермек.
Тағы бір атап өтер жаңалық – зерттеу, іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруға арналған нақты әдіснама әзірленді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, қуғын-сүргін тарихын зерттеуге аса қырағылықпен, жан-жақты қараған дұрыс. Ол объективті бағалау үшін қажет. «Әрбір материал, әрбір іс архивтен алынып, жұртшылыққа жариялай салатын деректер жиынтығы емес. Бұл – жекелеген адамның немесе бір топ адамның тарихы. Оларды объективті бағалау үшін тек қана фактілерге негізделген ғылыми зерттеу қажет», – дейді Е.Қарин.
Бұл іске Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресурстары да бағытталған. Ерлан Қариннің айтуын-ша, осыған дейін Бас прокуратура 2,4 миллионнан астам материалды, ҰҚК 1,5 мыңнан астам архив істері мен құжаттарды, ІІМ 5,3 мыңнан астам құжатты тексерген. Нәтижесінде, прокуратура органдары жаңа деректерді анықтады және прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталған. Ақталғандардың басым бөлігі – жер аударылған және күштеп көшірілгендер.
ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы қуғын-сүргін кезеңіне қатысты барлық тарихи материалды сақтау маңызды. Осы ретте бірыңғай мемлекеттік қор құрылады. Бұл осы бағытта ізденіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сондай-ақ, Мемлекеттік комиссия публицистикалық қызметі де бір жолға қойылды.
«Мемлекеттік комиссия аясындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бекіту мақсатында тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтардың топтамасы жарық көрді. Қазір қуғын-сүргін жасауға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы ақпаратты қамтитын осындай екі жинақ баспа бетін көрген. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады және Мемлекеттік комиссия қызметінің академиялық қорын құрайды», – дейді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Тағы бір айта кетерлігі, алдағы кезде мемлекеттік комиссияның деректер базасы жинақталып, толықтырылып отыратын арнайы портал құрылмақ. Бұл порталда ақталған, бірақ көпшілікке белгісіз қазақстандықтар туралы бұған дейін бір ізге түспеген, құпия емес материалдар мен деректер жарияланып, ғылыми тұрғыда жүйеленбек. Осылайша, қуғын-сүргін құрбандары туралы жалпы халыққа қолжетімді ақпарат көзі қалыптасып, ол үнемі толықтырылып отырады.
Жұмыс тобының міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша сапалы жаңа заңдар әзірлеу. Мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында архив материалдарын зерделеу, құқық қолдану тәжірибесі, ұлттық заңнаманы және шетелдік тәжірибені талдау қорытындылары бойынша бірқатар проблема анықталған. Соның салдарынан Қазақстан үшін ерекше құрбандардың бірқатар санаттары қолданыстағы заңға енгізілмеген және ақталмаған. Алдағы уақытта заң жобалары шеңберінде оларды шешу үшін заңнамалық кедергілерді жою жоспарланып отыр. Осылайша жұмыс тобының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы заң тұжырымдамасының жобасын талқылады. Атап айтқанда, толық заңды ақтау мәселелерін қарау, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендердің санаттарын және оларды айқындау тәсілдерін кеңейту, оңалту рәсімдерін жеңілдету, оңалтудың тұтас жүйесін институционалдық нығайту және құру жоспарланған. Сондай-ақ бірқатар басқа да ғылыми-теориялық, заң шығарушылық және ұйымдастырушылық мәселелер талқыға түсті.
Сирек кітаптар және қолжазбалар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов алдағы уақытта арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде тың дүниелер мен ақпараттар жарық көретінін жеткізді. «Дәл қазір комиссия жұмысының нәтижесі туралы айтуға ерте. Себебі зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысты қорытындылай келе үлкен бір жинақ немесе монография шығып қалар», - дейді ол.
Айта кетейік, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына, олардың ұрпақтарына мемлекеттің тарапынан арнайы жәдемақы мен өтемақы төленеді. Бұл алдағы жылдары да жалғаса береді. Оның көлемі 14,9 млрд теңге шамасында.
Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Айта кетейік, мемлекеттік комиссия жұмысының аралық нәтижелері қоғамға кезең-кезеңімен жеткізіледі. Бұл жұмыс Үкіметтің бақылауында болады.