"Съезге келгендердің біреуі де митингіге шықпады"
«Нұр Отанды» тас-талқан етіп жеңеміз деген «Қазақстанның демократиялы партиясы» да, елде экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялы таңдауы» қозғалысы да 22 ақпандағы митингіге ең болмаса мың адам шығара алмады. Митингіге халық түгіл, жақтастарын жинай алмаған «Демпартияның» әлі шикі екенін партия ішінде жүргендердің өзі мойындап отыр. Дегенмен митинг қарсаңында қайта-қайта тікелей эфирге шығып күшенген "ҚДТ" жетекшісі Әблязовқа да ілесіп шыққандар саны шамалы болды.
22 ақпан күні митингі өтетін күні бұрын хабарлаған тыйым салынған «ҚДТ-ның» да қарсылық акциясына дайындалуға уақыты болды. Дегенмен билік сонша қорқып, бас прокуратура алдын ала "заңсыз ұйымның митингісінен" сақтандырып, ескерту жариялаған "ҚДТ" мен оның жетекшісіне сөзіне еріп, митингіге шыға қойғандардың қарасы көп болмады. Сот шешімімен экстремистік болып танылған «ҚДТ» мен оның жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар ӘБЛЯЗОВТІҢ жайы белгілі, бұл қозғалыс бұған дейін де аздаған адамды ғана көшеге шығаратын. Тіпті елде бір кезде наразыларды бастап шығатын күш қалмай, оппозициялық саясаткерлер саны қысқарған уақытта, сыртта жүрген ӘБЛЯЗОВТІҢ үндеуіне еріп шыққандар саны көп болмаған. Өйткені «өзгеріс елден жырақта емес, елдің ішінде жүріп жасалады» деген бұлжымас қағиданы ӘБЛЯЗОВТІҢ өзі де, жақтастары да жақсы білсе керек.
Бірақ ел ішінде ӘБЛЯЗОВТІҢ экстремистік қозғалысына балама болатын күштер шыға бастағанда, наразыларды өзіне бұрып, билікке қарсы топтарды төңірегіне топтастырып әкете ме деген болжамдар айтылғаны рас. Бірақ съезд орнына митингіге шыққан «Демпартия» алаңға мың адамды да шығара алмады. Сөйтіп, 22 ақпан күнгі митинг халықты ерте алатын күш жоқ екенін көрсетті.
Рас, ресми түрде тіркелуге талпынып, сол күні съезд өткізбек болған «Демократиялы партияның» съезі қарсаңында партия жақтастарына қысым жасалды. Сөйтіп, съезд орнына митингіге шықпақ болған партияның 70 шақты белсендісі тура наразылық акциясының алдында ұсталды. Солай бола тұра, аймақтарды бірнеше ай аралаған партияның жақтастары мен Алматыдағы қолдаушылары наразылыққа жинала қоймады.
Мұны Демократиялы партия құрушылардың қатарында жүрген публицист Сергей ДУВАНОВ та мойындап отыр. Әлеуметтік желідегі жазбасында С.ДУВАНОВ былай дейді: «22 ақпан күнгі митинг Демпартия ұйым ретінде әлі де шикі екенін көрсетті. Ол партия ретінде қалыптасты деу ерте. Жұмыс тәжірибесі, күші, бұқаралық сипаты жоқ. Ең болмаса съезд жұмысына қатысуы тиіс адамдарды митингіге шығара алмағанын осы себеппен ғана ақтап алуға болар. Көп адам келе алмағаны түсінікті, қайсыбіреулерді митингіге дейін ұстады, бірақ соның өзінде митингіге кемінде 500 белсендіні алып шығуға болар еді. Митингіге бармас бұрын онда елдің назарын өзіне бұрып сөйлейтіндерді анықтап алу керек еді. Митинг қандай да бір жарқын, БАҚ-та жазылатын мәлімдемелер айтылуы үшін өткізіледі ғой. Әйтпесе, айтарың жоқ болса, митингіге шығудың не қажеті бар? Митинг халық қолдауына келгенде, ДВК-ның да, ДПК-ның да мәселесі бір екенін көрсетті. Алматылықтар үлкен қолдау білдіре қоймады. Бірақ митингіге дайындық болмағанын және мұның алғашқы тәжірибе екенін ескерсек, бірінші жолы осы да болады».
Түске дейін өткен «Демократияшыл партия» мен түстен кейін өткен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» митингісіне жүз шақты адам ғана жиналды. Митингіде жастардан гөрі орта және үлкен жастағы адамдардың, полицейлер мен журналистердің қарасы көп болды.
Тағы бір қызығы, әдетте митинг кезінде ауыз ашпайтын биліктің қол астындағы ақпарат құралдары сол күні «Демократиялы партия» жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастарының ұсталғанын жарыса жазып жатты. Бұл ақпаратты tengrinews, zakon сайттарын былай қойғанда, «Нұр медиаға» қарасты «Айқын» газетіне дейін жазды. Ал бірақ түстен кейін тыйым салынған «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысы жақтастарының ұсталғанын билікшіл ақпарат құралдарының ешқайсысы жазбады.
HAQ партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА Демпартияның митингісінің нашар ұйымдастырылуын екі себеппен байланыстырады. Бірі – бұл жай ғана ақпарат құралдарының алдында ұпай жинау үшін қалай болса солай ұйымдастырылған шара болуы мүмкін немесе Демпартияның ұйымдастыру қабілеті расында да нашар.
«Митинг «жігіттер, митингіге шыға салайық» деген дүние емес, кәдімгідей іс-шара ғой. Онда регламент, ұрандар болуы керек. Кімнен кейін кім сөйлейді, не туралы сөйлейді, қанша адам шақырылады, шамамен қанша адам қатысады, бәрі алдын ала ойластырылуы керек. Оның бәрін ұйымдастырмай митингіге шыға салу дұрыс емес. Оның үстіне Ж.МАМАЙ бұл митингінің өтетінін үш күн бұрын жариялады. Митингіге шыққанда "Мамайды босатсын!" деген ұрандар ғана болды. Митингіні ұйымдастыру тобы болуы керек еді. Бірақ ол топ жоқ болып шықты. Съезге адамдар келуі керек еді, олар Алматыда болды, оларды білемін, бірақ біреуі де шықпады. «Демпартия» бастапқыда «бастамашыл топ 3 мың адамның қолын жинады» деп жариялады, кейін бір мың қолды өткізді. Онда олар неге съезге шақырылмады? Бір мыңнан жүз адамды ұстап алды деген күннің өзінде, қалған 900 адам қайда сонда? Тіпті 30 пайызы келмей қалды деп есептесек, 700 адам қайда?» - дейді ҚОЖАЛИЕВА.
Т.ҚОЖАЛИЕВА бұл митинг «Демпартияның» күш болып қалыптаспағынын көрсетті дейді. «Біріншіден, олар күш болып қалыптаспады, екіншіден, ұйымдастыру қабілеті аз, үшіншіден, халықтың сенімі жоқ. «Демпартияның» не ұйымдастыру қабілеті нашар немесе «қалай болғанда да бір адам шықса да айғайлады, ақпарат құралдарының назары бізге ауады» деп БАҚ үшін өткізді»,- дейді ол.
Ал әлеуметтік желідегі жұрттың біразы Ж.МАМАЙ бастаған топ М.ӘБЛЯЗОВ шақырған митингінің дүмпуін басу үшін әдейі бір күнде қатар шулады деп айыптады. Қалай десе де, қашқындағы күрескер де, ел ішінде батыр атанған Ж.МАМАЙ да көп қорқытқан шерулеріне көп адам жинай алмады. Сосын, билік те әдеттегідей тасбауыр боп тұрып алды. Уағызшы Мұхаметжан ТАЗАБЕКОВТІҢ айтқанын тыңдап, наразылыққа шыққан қариялардың құймышағынан теппесе де, малша сүйреп, отындай көлікке тиеді. Қазақстанның саяси өмірі осылайша бықсып тұр.
Сурет: Петр Троценко, Azattyq.org
Мақаланы көшіріп басуға болмайды!
Оқи отырыңыздар:
«Мамайдың проблемасы – команданы дұрыс таңдамауы…»