Тұрғымбаев: Митингілерде 80 адам ұсталды

Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ 1 наурыз күнгі митингілердегі жаппай ұстауларға пікір білдірді. Министр митинг алдындағы жаппай ұстауды "алдын алу үшін жасалған сақтық шаралары" деп түсіндірді.
"Бас прокуратураның ескертулеріне қарамастан, бірқатар азамат Қазақстанда экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялы таңдауы" қозғалысы митинг өтеді деп хабарлаған жерлерде наразылық шараларын ұйымдастырмақ болды. Сондықтан полиция қоғамдық тәртіпті бұудың алдын алды", - деді министр.
"Ішкі істер бөлімдеріне 80 адам жеткізілді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң, барлығы дерлік босатылды. Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың біреуіне айыппұл салынса, үшеуі әкімшілік қамауға алынды. Бөлімшелерде үш сағаттан артық ешкімді ұстағанымыз жоқ. Егер кімде-кім үш сағаттан артық отырған болса, өтініш түсірсін, оны қарастырамыз", - деді Тұрғымбаев.
Полиция Алматыда ұстағандардың арасында журналистер - Ермұрат БАПИ мен Әсел ЖАҢАБАЕВА болды. Саясаткер Жанболат МАМАЙДЫ ұстау әрекетін ұялы телефонына түсіріп тұрған Адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкері, журналист Инга ИМАНБАЙДЫҢ қолындағы телефонын полицейлердің бірі тартып алмақ болғанда, И.Иманбай басын темір қоршауға соққан.
Фото: Асылхан Мамашұлы, Azattyq.org