Украинада тұратын қазақ: «Ұлым соғыста туды»
Не жеймін, қалай күн көремін деп емес, қалай жанымды аман алып қаламын деп басы ауған жаққа қашып жатыр. Әке-шешелері бір жақта, өздері бір жақта, балаларын Румынияға, Польшаға шығарып жіберуге күш салып жатқандар жетіп артылады.
Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін таңғы сағат 4:30-да Украинада қалған 160 қазақстандық елге келді. Malim.kz тілшісі сол лекпен келген Бауыржан Игіліковпен сұхбаттасып, көрші елдегі жағдаймен танысты.
- Елге қош келдіңіз! Украинаға қандай мақсатпен барған едіңіз?
- Елордаға бүгін таңғы сағат 4-те келдік. Қазір бірінші рейспен Алматыға жетіп алдық. Мен отбасыммен 2020 жылы 14 наурыз күні Украинаға барған болатынмын. Осы уақытқа дейін Киев қаласында тұрдық. Әлемнің 33 елінде құрылыс материалдарын шығаратын компанияда жұмыс істедім. 2017 жылдан бері Филиппинде еңбек ететінмін. 2020 жылы жобамыз аяқталған соң бізді Киевке жіберді. Екі жылдан бері Киевтің жанында логистикалық терминал салып жатқанбыз. Мен онда жоба жетекшісі болып қызмет етіп жүрдім.
-Куәгер ретінде Украинадағы қазіргі жағдайды баяндап беріңізші. Не байқадыңыз?
-Жеке өз басым украиндардан ұлтшылдық бағытындағы қысымдарды көрген жоқпын. Жұмысымызды атқарып, әріптестерімізбен тығыз байланыста, тіл табысып еңбек етіп жүрдік. Қазір Украина халқы әбден қиналып жатыр. Біз Киевтен елдің батыс жағына көшкенде байқадық, шығыс бөліктегі адамдар батысқа үдере көшуде. Не жеймін, қалай күн көремін деп емес, қалай жанымды аман алып қаламын деп басы ауған жаққа қашып жатыр. Әке-шешелері бір жақта, өздері бір жақта, балаларын Румынияға, Польшаға шығарып жіберуге күш салып жатқандар жетіп артылады. 18-60 жас аралығындағы азаматтары әскери міндет атқаруы керек, олар елде қалды.
- Әлемнің тең жартысы Украинаны қолдап жатыр. Ал Қазақстан болса екі елдің, екі оттың ортасында қалып тұр. Әріптестеріңіз қазақстандық ретінде өкпе-назын білдірген шығар...
- Иә, украиналықтар бізге өкпе-назын, өтініштерін айтып жатыр. «Елге барсаңдар айтып барыңдар, бізге қолдау білдірсін! Біздің мақсатымыз бір – Тәуелсіздігімізді қорғап қалсақ, өз саясатымызды жүзеге асырсақ»,- дейді. Бірақ орыстардың көнетін түрі жоқ. Сондықтан ойланыңдар деген көзқарастарын да байқап қалдым. Бұзауға туған күн, өгізге де туады дегендей... Біз бұл туралы батыл түрде ештеңе айта алмадық. Екі жағымызда да үлкен империялар тұр. Бірдеңе деп жауап беру де қиын екен. Дегенмен ондай қауіпті жағдай туындаса Қазақстанның да өз жауабы болатынын жеткіздік.
Екі жылда байқағаным, Украина халқы өте рухты, жайдарлы халық екен. Әрине, тентектері де бар. «Правый сектор», «Бандеровцы» деген ұлтшыл топтары да белгілі. Ондай оңшылдар барлық елде бар деп ойлаймын. Ал жалпы бізге төтеннен қысым көрсету, әлімжеттік жасау әрекеттері болған жоқ.
- Соғыс ошағы саналған Киевте тұрдыңыз. Қаланың соғыс кезіндегі көрінісі қандай болды?
- Біздің Киевтегі үйіміз Көрме орталығының тура қасында еді. Соған жақын, 4-5 шақырым жерде Жуляны деген әуежай бар болатын. Шабуылдаушылар сол нысанды атқылап, бомбалап, оқ жаудырды. Сол жағдайды көріп үрейіміз ұшты. Қоймалар өрттің ішінде қалды.
24 ақпан күні таңғы сағат 4:40-та жарылыс болды. 5-те үлкен жолда көлік деген толып қалды. Үйіміздің маңайында ірі кептеліс болды. Жарылысты көріп біз де сасқалақтай бастадық. Дүкендер жұмысын тоқтатып, жанар-жағармай беру тоқтатылды. Тұрғындар азық-түлік, суларды талап әкете бастады.
- Сол беті батыс аймаққа шықтыңыздар ма?
- Сонымен жылдам шешім қабылдап, ел аман жұрт тынышта елге жетейік деп жолға шықтық. Шыққанымыз сол еді Житомир қаласына апаратын сегіз жолақты жол көлікке толды да қалды. Бұл жолмен жай күні қалаға 1 сағатта жетіп баруға болады. Осы жолы біз тоғыз сағат дегенде әрең бардық. Жолда тамақтанатын жер жоқ, бәрі жабық. Жанармай құю бекеттерінде лық толы адамдар. Дәретханаға да кіруге мүмкіндік болмады. Титықтап, ит сілікпеміз шығып діттеген жерімізге жеттік. Жан-жағымызда еңіреп жылаған жандар. Бірі үйін, бірі туыстарын қимай көз жасын көлдетіп жатты. Бастапқы кезде не болса да осында қаламыз дегендер болған. Ақырында барлығы да үдере көшті. Трагедия дегенің анық сезілді.
Киевтен 25 ақпан күні көштік. Қалада абыр-сабыр, дүрлігіс. Аштық ақыл ойлатпайды дегендей ашыққан адамдар дүкен сөрелерінен заттарды талап алып, әр түрлі бұзақы әрекеттер орын алып жатты. Жолда көлігіміздің жанармайы таусылып, мазамыз кетіп, қиналып қалдық. Әрең дегенде жалғыз жанармай құю бекетін тауып, ары қарай жүрдік. Сөйтіп батыс жақ бөлігіндегі Дунаевцы қаласына жеттік.
Киевтің қасындағы Буча деген қалашықтың маңынан өтіп бара жатқанбыз. Бұл қалашық табиғаты әдемі, тұруға ыңғайлы жер еді. Жүріп бара жатқанда екі жарылысты өз көзімізбен көрдік. Пенде болған соң ойлаймыз, маған оқ тимесе болды ғой деп. Бомбаның дауысын естігенде үрейіміз үдей түсті. Бүкіл өмірің таспадай көз алдыңнан сырғып өте шығады екен. Адамдарды айтамыз, тіпті жан-жануарлардың да берекесі қашып, жан-жаққа зытып бара жатқанын көргенде төбе шашың тік тұрады. Сондай алай-дүлей кезде кептелісте тұрдық. Ешқайда қаша алмайсың, шарасыз күй кешеді екенсің.
- Бұл сапар аса қиын болса да, отбасыңыз үшін қуанышты жаңалығын ала келген екен... Толығырақ баяндап беріңізші!
- Жолдасым екеуміз Киевке көшіп келгенде баламыз болған жоқ. Әйелімнің тұңғыш баламызға аяғы ауыр еді. Екеуміз 9 жылдан бері сәби сүйе алмай жүргенбіз. Биыл сәбилі болатынымызды біліп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрдік. 24-Ақпанда әйелімнің жүктілігінің қырықыншы аптасы болды. Босанатын кезі жақындаған уақыт. Сол күні перзентханаға хабарластық. Олар әуе тревогасы жарияланды, сіздер қауіпсіз жер тауып баланы тудырып алыңыздар, бұл жақ өте қауіпті болып тұр деді. Содан ертерек шығып кетейік деп Киевке жол тартқанымыз сол себептен еді. 16 сағат бойы аштан аш жол жүріп, шаршап-шалдығып батысқа бардық. Әйелім қатты әлсіреп, шамасы бітіп қалды. Қазақстан елшілігі бізге Львов қаласына жиналыңдар деді. Сол жерге жинап, ары қарай Польша арқылы елге қайтармақ болды. Біз Дунаевцы қаласына тоқтап, әйелімді босандыратын жер іздей бастадық. Жолда босанып қалса, әйелге де баламызға да қиын болатын еді. Сонымен таныстарымызға хабарласып бір перзентхана тауып, соған бардық. 28 ақпан күні әйелім аман есен босанды. Басқа паналайтын жер болмаған соң мен де перзентханада қондым. 5-наурызда бізді перзентханадан шығарды. Сол беті Львовқа жол тарттық. Қаладағы эвакуациялық орталыққа тоқтап, одан шақалақпен бірге 40 сағат автобуспен жүріп, Польшаның шекарасынан өттік.
- Польшалықтар қалай қарсы алды?
- Польшалықтар бізді еш кедергісіз қарсы алып, қолынан келген көмегін аямады. Ас-суымызды беріп, жәрдемдесіп жіберді. Шекарашылардың өзі баланың жөргегін қамдап, кезекке тұрғызбай-ақ шекарадан ары асырды. Содан Подовець деген қаласына жетіп, елге ұштық. Соғыс жағдайындағы Украина жерінде өмірге келіп, нағыз шайқасты, азаттық күресін көрген балама батыр болсын деп Батыр деген ат бердік. Тоғыз жыл күткен баламыз сәті түсіп жауынгерлер елінде дүниеге келді. Перзентіміз осындай арпалыспен өмір есігін ашып отыр. Аман-есен елге оралғанымызға қуаныштымыз.
- Енді елде боласыз ба, әлде Украинаға қайда бару ойда бар ма?
- Біздің салып жатқан логистикалық терминалымыздың аяқталуына 3 ай қалған еді. Қауіпті жағдайдың алдында тұрған соң құрылыс толық тоқтады. Егер 1-2 айдың ішінде Украинадағы жағдай тынышталса қайта барып, жұмысымызды аяқтап кетеміз. Егер соғыс одан сайын шиеленісіп жатса онда Еуропаның басқа елдерінде жобамызды жүзеге асыра береміз. Қазақстанға оралу да ойымда бар. Менің Еуропаға кеткен себебім, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтау болды. Бес жылдың ішінде біраз тәжірибе жинақтадық, көрдік, білдік. Реті келіп жатса Қазақстанға біржола келсем деп отырмын.
- Украина – Ресей арасындағы соғыстың тірі куәгерісіз. Алапат айқас, қанқұйлы қырғынды көрдіңіз. Бұл жағдайдан кейін қандай ой түйдіңіз?
- Әлем дамыған кезең болса да, технологиялық жетістіктерге жеттік десек те әр мемлекет шынайы тәуелсіз болуы керек. Ол үшін әрбір ел экономикалық жағынан, қорғаныс жөнінен алдыңғы орынға шығуы қажет. Ішкі және сыртқы саясатты нығайтқан жөн екен. Бастысы, елдің ішінде ынтымақ, ауызбіршілік болғаны абзал. Украинаның бір ұтылған жері мемлекет батыс пен шығыс болып бастары бірікпей жүрді. Шығысы орысқа, батыс тарабы поляктарға тартатын. Сол себепті оларды ауызбіршілік болған жоқ. Олардың осал тұсын Кремль байқап, басып алуға көшті. Сондықтан бірінші кезекте бірліктің маңызы зор.
Қазақстанның басына осындай жағдай төнсе ел бірігеді деп ойлаймын. Бізде әзірге алатайдай бөліну үрдісі байқалмайтын сияқты. Біздің елдегі әр түрлі ұлттардың бірлігін нығайтуды ескерген дұрыс. Халықты қысымға алған сайын олар бөлінуге шақ тұрады. Бірі анда, бірі мында тартса теріс пиғылды топтарға жем болып кетеді.
ЛНР мен ДНР 2014 жылы бөлініп алып, өз алдына бөлек болып тұрды. Ресей оларға қолдау білдірді. Шығын аз болуы үшін Путин шығыстағы жұртты көбірек тартқысы келді. Шығыс аймақтағы Харьковта халық көбіне орысша сөйлейтін. Орыстарды қатты қолдап жүретін әріптестерім де болды. Орыстар Харьковке танкпен кіргенде алдымыздан гүл алып шығады деп ойлады. Кремль операцияны бастағанда украиндар бірден ес жинап, орыстардан теріс айналды. Орыстардың айтқаны бөлек, ісі бір басқа болып шықты. Бір түнде кіріп келіп Украинаны қан қақсатты. Ресейге қарап ұлитын жергілікті азаматтар қазір «Слава Украина» деп жүр. Бұл соғыс халықты біріктірді.
Украина бір кезде «тұрғылықты халық» деген жоба қабылдады. Ол дегеніңіз орыстарды бөтен ел деген түсінік тудырды. Мектептерден, басқа да жерлерден орыс тілінің мәртебесін алып тастады. Білім ошақтарын жаба бастады. Соғыстың бір ұшы осында жатқан секілді.
Сұхбаттасқан: Олжас Әбілұлы