Заңға қарсылық: "Қазақ тілді ортаны манипуляциялау оңай"

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 20.01.2021

Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайровтың сөзінше, наразылық заң жобасын халыққа дұрыс түсіндірмегеннен туындауда.

«Заң халыққа дұрыс түсіндірілмей жатыр. Біздің азаматтарымыздың түсінбей жатқан екі мәселесі бар. Біріншісі, баланы анонимді қоңыраудан кейін алып кету. Екіншісі, балаларға қосымша текше метр (бөлек бөлме) қажет деген нормалар. Бірақ бұл нормалар заңның екінші оқылымында жоқ. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактикалық заң керек. Бірақ кез келген заң біздің халқымыздың рухани, мәдени кодына сәйкес болу қажет», - дейді Сайров.

Ерлан Сайровтың пікірінше, қазір заңдарда халықаралық стандарттың белгілі бір үлгілері жоқ.

«Қазір халықаралық стандарттың белгілі бір үлгілері жоқ. Әрине, Европаның, АҚШ-тың тұрмыстық, әлеуметтік стандарттары өте жоғары. Бірақ олардың рухани өміріндегі кейбір өзгерістер біздің ұлтымыздың менталитетіне сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан біз заңды өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді алғышарт ретінде алып, соған сүйене отырып қабылдауымыз қажет», - дейді Сайров.

Адвокат Абзал Құспанның сөзінше, Қазақстанға бұл заң керек. Ал бала құқығы деген ұлтқа, нәсілге бөлінбейді және ол біреу ғана. ҚР бала құқығы туралы халықаралық шартқа 90-жылдары қол қойған.

«Бұл заң бізге қажет. Бала құқығы деген африкалықтарға, америкалықтарға, европалықтарға басқа ұғым, біздерге басқа ұғым деген болмайды. Ол барлығына біреу. Бала құқығы туралы халықаралық шартқа біз 90-жылдары қол қойғанбыз. Баланың қарапайым, табиғи құқықтары бар. Бала өмірге келген кезде үймен қамтамасыз етілуі керек. Оған ата-ана да, мемлекетті міндетті. Сосын білім алу, медицина және зорлық-зомбылықсыз дұрыс отбасында тәрбиеленуге құқылы. Баланың осындай төрт негізгі құқығы бар. Ал осыны алып келіп, «бұл бүкіл әлемнің балаларына қолданылады, тек қазақ балаларына қатысы жоқ» деп айту, сауатсыздық», - дейді Құспан.

Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасында халықтың менталитетіне сәйкес келмейтін нормалары бар. Бірақ ол бұл заңға ғана емес, қабылданып жатқан бүкіл заңдарға тән мәселе.

«Заң жобасындаға кейбір нормалар шын мәнінде біздің менталитетке сәйкес келмейді. Бірақ бұл жалғыз мына заң жобасының проблемасы емес, жалпы қазақ тілінде шығатын барлық заң жобаларының проблемасы. Біз шетелден заңды көшіріп алуға әуес халықпыз. Ол халықтың менталитетіне, тұрмыс-салтына сәйкес келе ме, келмей ме, ескере бермейміз. Неге? Себебі біздің үкімет, парламент орыс тілді. Оған қоса, біздің қазақ тілді орта заң шығаруға келгенде өте самарқау. Оған бір ғана емес, бірнеше мысал келтіре аламын. Мысалы, ветеринария туралы заңның 25 бабын қарасаңыз, онда сіз өзіңіздің аулаңызда тұрған қойды өзіңіз соя алмайсыз. Міндетті түрде мал сою бөлімшесіне апарып сойғызуыңыз керек. Бұған қоса, сіз сойған кезде және сойғаннан кейін ауру емес деген справка алуыңыз қажет. Ауылда осы заңды бір адам орындап жатыр ма? Бұл заң европада қалыпты дүние. Ал бізде бұл заң осы қалпында өтіп кетті. Мен қазір мына заң жобасына қатысты айқай-шуды дұрыс құбылыс ретінде қабылдаймын. Біз дәл осы мүмкіндігімізді әрі қарай пайдалануымыз қажет. Бірақ оны жаңа сапаға көтеруіміз керек», - дейді Құспан.

Бұдан бөлек, Абзал Құспан қазақ тілді ортаға манипуляция жасау өте оңай екенін айтады. Оның сөзінше, «бұл қазақ ұлтын құртуға бағытталған, қазақтың салт-дәстүріне қарама-қайшы келеді» деп айтылса жетіп жатыр.

«Қазақ тілді ортаны манипуляциялау өте оңай. Заңдағы жекелеген нормаларды жұлып-жұлып алып, «бұл қазақ ұлтын құртуға бағытталған, қазақтың салт-дәстүріне қайшы келеді» деп айтса жетіп жатыр. Мен дәл осы заң туралы пікірімді былтырдан бері жазыр келе жатырмын. Бірақ ол осы уақытқа дейін ешкімге қызық болмаған. Ал «ойбай, бұл құртуға бағытталған. Ертең сіздің балаңызды тартып алады. Қызыңыздың құлағын тесіп, балаңызды сүндетке отырғызсаңыз бұл зорлық-зомбылық деп есептеледі» деген сөздер өкінішке орай халыққа өтімді. Әрине, мен бұл жерде халықты кінәлап отырған жоқпын. Бұл жерде мен өз тілінде халыққа дұрыстап түсіндіріп бере алмайтын парламентті жазғырып отырмын», - дейді Құспан.

Қаңтардың 18-і күні Нұр-Сұлтан қаласында бір топ әйел «отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға қарсы наразылық акциясын ұйымдастырып, парламент ғимаратына кірмекші болды. Бірақ олардың жолын арнайы жасақ сарбаздары бөгеді. Көп балалы аналардың сөзінше, заңда халықтың тұрмысына кереғар келетін талаптар бар. Бұдан бөлек, өздерін «Оңтүстік ақындары» деп таныстырған айтыскер ақын Біржан Байтуов бастаған бірнеше адам бейнеүндеу жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннен заңның қабылдануына жол бермеулерін сұрады.

Парламент мәжілісі «отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын 2020 жылдың қыркүйек айында бірінші оқылымда мақұлдаған. Бірақ сенат оны әлі қараған жоқ. Бұл жоба заң ретінде күшіне енбеген.

 

 

Байланысты жаналықтар

Кәрім Мәсімовке рақымшылық берілмейді

28.06.2024

«Назарбаевтан кешірім сұрап, жазадан оңай құтылатын»: Мәжіліс депутаты Бишімбаевтың сотына қатысты пікір білдірді

10.05.2024

Ақбұлақтағы атыс. Бес адамның өмірін қиған оқиғаға кім кінәлі?

21.09.2021

Әлеуметтік желімен күрес. Ерлан Саиров не дейді?

17.09.2021

"Билік ата-анадан баланың құқығын талап етпес бұрын, жағдай жасасын"

21.01.2021

Мұхтар Тайжан: Алауыздық тудырған телеарна жабылсын

24.12.2020
MalimBlocks
Кәрім Мәсімовке рақымшылық берілмейді

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты.

«Назарбаевтан кешірім сұрап, жазадан оңай құтылатын»: Мәжіліс депутаты Бишімбаевтың сотына қатысты пікір білдірді

Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқан белгісіз болатын.

Ақбұлақтағы атыс. Бес адамның өмірін қиған оқиғаға кім кінәлі?

Әлеуметтік желімен күрес. Ерлан Саиров не дейді?

"Билік ата-анадан баланың құқығын талап етпес бұрын, жағдай жасасын"

Мұхтар Тайжан: Алауыздық тудырған телеарна жабылсын