Зеленский: «Біз өз жерімізді беруге дайын емеспіз».
Фото: РБК
Украина президенті Владимир Зеленский француздық Le Parisien газеті оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Оған соғысты тоқтату үшін қандай компромистерге баруға дайын екендігі және «Қырым мен Донбасс аумақтарын, тіпті уақытша болса да, беруге дайынсыздар ма?» деген сұрақ қойылды. Зеленский соғысты тек халықаралық көмек арқылы тоқтатуға болатынын айтты. Бұл туралы Le Parisien жазды.
«Біз өз жерімізді беруге дайын емеспіз. Украина Конституциясы олай етуге тиым салады. Қазір бұл жерлерде факті бойынша ресейліктер билік жүргізіп отыр. Оларды қайтаруға біздің әлеуетіміз жетпейді. Біз тек халықаралық қоғамдастықтың дипломатиялық қысымына ғана сенеміз, бұл Путинді келіссөз үстеліне отырғызуы мүмкін», – деді Украина президенті.
«Мен таң қаламын: бізді қолдайтын Батыс неге Путинмен тығыз қарым-қатынас жасауға сақтанады? Неліктен соғыс басталғалы бізді қару-жарақпен жаппай қамтамасыз етпеді? Мүмкін, мен тым батыл көрінермін. Бірақ менің ойымша, бәрі Путиннің Ресейінен қорқып отыр. Ол жазасыз әрекет ету мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Бізге күшті Америка мен Еуропа қажет, олар Путинге қысым көрсетуі керек және осы соғысты тоқтатуы тиіс», – деп қосты Зеленский.
Зеленскийге Путинмен келіссөз жүргізуге дайынсыз ба деген сұрақ қойылды. Ол былай жауап берді: «Маңыздысы – қарсыдағы адамның кім екені емес. Келіссөз жүргізерде қандай позицияда тұрғаның маңызды. Біз әлсіз жағдайдамыз деп ойламаймын, оны күшті деп те айта алмаймыз. Біз НАТО құрамына кіреміз бе? Біз білмейміз. Біз Еуроодақ құрамына кіреміз бе? Иә, болашақта, бірақ қашан? Путинмен осындай жағдайда келіссөз үстеліне отыру – оның біз үшін шешім қабылдауына жол беру деген сөз».
Зеленскийдің айтуынша, алдымен іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек, сосын оны Ресей президентіне ұсыну керек.
«Бірақ мен айтамын: әлемде кез келген лидердің Украинаның чсыртынан Путинмен келіссөз жүргізуге құқығы жоқ. Біз ешқашан бұл мандатты ешкімге бермедік. Біз – құрбандармыз. Егер өзге елдер біздің орнымызға шешім қабылдайтын болса, бұл әділетсіз болар еді. Француздар Францияда, итальяндықтар Италияда немесе америкалықтар АҚШ-та өздеріне не қажет екенін жақсы біледі. Украиндар да біледі», – деді Зеленский Le Parisien оқырмандарымен онлайн әңгімесінде.