Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде инфрақұрылымды жаңғырту, көлік және әлеуметтік нысандар салу, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өткен аптада бірқатар маңызды жоба пайдалануға берілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақмола облысында Курорт-Бурабай, Ақкөл, Макинск, Шортанды, Жақсы, Сарыоба, Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск, Жалтыр және Аршалы стансаларындағы теміржол вокзалдары толық жаңғыртылды. Ескі ғимараттардың орнына кеңейтілген күту залдары бар жаңа кешендер салынып, инженерлік желілер мен перрондар жаңартылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, заманауи желдету, кондиционерлеу және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды.
Ақтөбе облысында Шалқар және Шұбарқұдық теміржол вокзалдарының реконструкциясы аяқталды. Вокзалдардың қасбеті, шатыры, инженерлік желілері мен ішкі бөлмелері жаңартылып, жаңа жабдықтар орнатылды. Соның нәтижесінде екі нысанның да қызмет көрсету аумағы едәуір ұлғайды.
Алматы облысының Іле ауданында жылына 3,5 миллионға дейін шина сақтай алатын San Baiserke логистикалық кешені іске қосылды. ТМД кеңістігіндегі ең ірі шиналарды сақтау орталығы саналатын кешенде қоймалар, қайта өңдеу зауыты, сервистік орталық, 180 орындық жатақхана және әлеуметтік инфрақұрылым қарастырылған. Жоба Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне өнім жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.
Түркістан облысында ұзындығы 39,3 шақырым болатын «Тама–Тастанбек» топтық су құбыры пайдалануға берілді. Жоба нәтижесінде Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында әлеуметтік осал санатқа жататын 30 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жоба жергілікті әкімдік пен Отбасы банкінің бірлескен бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін өңірде тағы 900-ге жуық отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Жүзеге асырылған бұл жобалар өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады.