Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Геннадий Шиповских: Президенттің АҚШ-қа іссапары отандық агросаланың дамуына серпін береді

Экономика
Геннадий Шиповских: Президенттің АҚШ-қа іссапары отандық агросаланың дамуына серпін береді
© Islam News

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барып, екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге көтеретін бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Осыған орай Malim.kz ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаты Геннадий Шиповскихтің пікірін білген еді.

АҚШ көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, Орта дәлізді дамытуға серпін беретін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» бастамасына ерекше мән берілді.

17 миллиард долларға келісім жасалды

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских бұл – екі ел арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық қарым-қатынастың ауқымы кеңейіп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш деген пікірде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских. IMAGE© Islam News

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских. IMAGE© Islam News

«Бірінші сапарда локомотив шаруашылығына қатысты ірі келісімдерге қол қойылып, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына жаңа локомотивтер алу бағытында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Ал екінші сапар барысында, өздеріңіз көргендей, жалпы көлемі 17 млрд доллар болатын келісімдер рәсімделді. Бұл - еліміздің даму салаларына тікелей қосылатын үлес. Цифрландыру, жасанды интеллект, экономикамыздың басқа бағыттары болсын жаңа бастамаларға жол ашатын нақты жұмыстар. Бұл жай ғана іссапар емес, іссапар аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілген жұмыс. Қазақта “бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ала келу” дейді  яғни, барғанда нәтижемен қайту керек. Менің ойымша, АҚШ сапары да дәл осындай нәтижелерімен маңызды болды» -

дейді ол.  

Кездесулер барысында сауда, инвестиция, энергетика, көлік және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары жан-жақты талқыланған болатын. Тараптар екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру жөнінде нақты қадамдарды белгіледі.

Сапар аясында Мемлекет басшысы John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл серіктестікті ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесу сәтінен IMAGE: © Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесу сәтінен IMAGE: © Ақорда баспасөз қызметі

Компанияның Қазақстандағы «Агромаш» зауытымен бірлесе жұмыс істеуі - отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосуда. Биылғы мамыр айында іске қосылған өндіріс желісінен қазірдің өзінде 290-нан астам техника шығарылды, жыл соңына дейін тағы 100 бірлік өндіріледі деп жоспарланып отыр.

Геннадий Шиповскихтың пікірінше, Президенттің іссапары агросаланың өрістеуіне екпін бермек.

«Сапар барысында жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, «АгромашХолдинг KZ» АҚ алдағы 5 жылда кемінде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникасын шығарады, кемінде үш сервис орталығын ашады және мамандарды оқыту жүйесін дамытады.

Енді тракторлар, комбайндар сияқты техника Қазақстанға қолжетімді бола түседі. Бұл - ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды. Себебі біздің шаруаларға заманауи техника керек. John Deere өнімдері әлемде қымбат болғанымен, қол қойылған келісімдер агросаланы дамытуға айтарлықтай серпін береді. Делегация бұл саладағы бірқатар мәселені оңтайландырды деп ойлаймын», - дейді депутат.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерген тарихи кезең ретінде бағаланып отыр. Ендеше, жасалған келісімдер экономиканың түрлі салаларын қамтып қана қоймай, инновациялық технологиялар мен өндіріс кооперациясын дамытуға да жол ашады деп есептейді депутат.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу