Алматыдағы белгілі “Байсат” базары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін. Мұны Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Бұған дейін бұл базар Қайрат Сатыбалдыұлының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған.
Мән-жайы
Тәркіленген “Байсат” базары бір жылдан астам уақыттан бері сауда-саттық арқылы сатылмай келеді. Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, нысанға сатып алушы табылмауына инвесторлардың қаражаты немесе қызығушылығының болмауы себеп болуы мүмкін.
“Егер сатылмаса, оны Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарастыруға болады деп ойлаймын”, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Базарды қалай сатпақ болды?
“Байсат” базары алғаш рет 2025 жылғы қыркүйекте саудаға шығарылған. Сол кезде бастапқы бағасы 28,6 миллиард теңге болған. Алайда аукцион өтпеді, себебі бірде-бір өтінім түспеген.
Кейін 2025 жылдың соңында базарды қайта сатуға әрекет жасалды. Бұл жолы бағасы шамамен 2 миллиард теңгеге төмендетіліп, 26 миллиард теңге болды. Бірақ сол кезде де сатып алушы табылмады.
2026 жылғы қаңтарда Қайтарылған активтерді басқару компаниясы “Байсат” базары ең жоғары жеңілдікпен, 24,7 миллиард теңгеге сатылатынын хабарлады.
“Үшінші аукционның бастапқы бағасы алғашқы бағадан барынша төмендетілді. Бұл қазіргі сауданы әлеуетті инвесторлар үшін ең тиімді ұсынысқа айналдырады. Бұл – аталған активті барынша жеңілдікпен сатып алуға берілген бірегей мүмкіндік”, – деп хабарлаған еді компания.
Алайда бұл жолы да сатып алушы табылған жоқ. Кейін актив төртінші рет саудаға шығарылды. Бірақ бұл жолы жеңілдіксіз, 28 миллиард теңгеге бағаланды. Ол сауда да өтпей қалды.
Сатыбалдыұлы базардан қалай айырылды?
Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2022 жылы ол 6 жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, Сатыбалдыұлы “Қазақтелекомға” 12 миллиард теңгеден астам шығын келтірген және “Көліктік сервис орталығының” мүлкін жымқыру ісіне қатысы болған.
2023 жылы тергеу басқа эпизодтар бойынша жалғасты. Қаңтарда Сатыбалдыұлы ақшаны жылыстату ісі бойынша кінәсін мойындады. Соталды тергеп-тексерулердің бірі аясында ол “Байсат” базарының негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен өткізді. Бұл бизнес оның ұлы Бауыржан Нұрсұлтанның атына рәсімделген болатын.
2024 жылғы қаңтарда прокуратура сот арқылы “Байсат” базарының екінші бөлігін де мемлекетке қайтарды. Сол кезде сот “Холдинг Алматы жылу” кешенінің, қазіргі “Байсат” базарының мүлкіне қатысты барлық мәмілені жарамсыз деп танығаны хабарланған.
“Сотта кешеннің заңсыз сатылғаны расталды. Атап айтқанда, мүлікті бағалау кезінде төрт жыл бұрын жасалған өзекті емес есеп қолданылған. Сонымен қатар қызмет бағытын сақтау туралы міндетті шарт ескерілмеген және мүлікті иеліктен шығаруға тыйым салу жөніндегі келісім талаптары сақталмаған”, – деп хабарлаған еді Алматы прокуратурасы.
Жалпы аумағы шамамен 4,2 мың шаршы метр болатын үш нысан және 1,4 гектар жер теліміне қатысты ақпарат. Бұған дейін бұл актив өзара байланысы бар компанияларға – “ҚазГерҚұрылыс” ЖШС мен Astana Financial Group-қа тиесілі болған.