Қарағанды қаласында полицейлер есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан екі күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қарағанды облысының полиция департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған кешенді және жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Аталған іс-шаралар барысында 14 қаңтар күні Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері арнайы операция жүргізді
Операция нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз өткізді деген күдікпен 21 және 39 жастағы екі азамат ұсталды. Тінту барысында олардың тұрғылықты мекенжайларынан бірнеше ұялы телефон, электронды таразылар, қаптама материалдары, сондай-ақ өсімдік тектес және ұнтақ тәрізді есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Атап айтқанда, жалпы салмағы шамамен 30–40 грамм болатын жасыл түсті, спайсқа ұқсас зат салынған 30-дан астам орама, сондай-ақ ақ және қоңыр түсті ұнтақ тәрізді есірткі заттары бар, жалпы салмағы 10 граммнан асатын орамдар анықталды.
Тергеу барысында күдіктілердің 2025 жылдың тамыз айынан бастап интернет-дүкендердің бірінде курьер ретінде есірткі таратумен айналысқаны белгілі болды. Заңсыз қызметті «StroyKz09» лақап атымен тіркелген белгісіз тұлға ұйымдастырып отырғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.