Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрі батыл әрекеті үш жасар сәбидің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қала тұрғындарының алғысқа толы жазбасы кеңінен тарады. Оқиға кезінде алты қабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кеткен үш жасар балаға көмекке алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция қызметкерлері Ілияс Атбеков пен Магомед Якубов жеткен көрінеді.
Тәртіп сақшылары жағдайды дереу бағамдап, зардап шеккен сәбиді абайлап қызметтік көлікке орналастырған. Арнайы дабыл шамдарын қосып, баланы ауруханаға шұғыл жеткізген полицейлердің жедел әрекетінің арқасында дәрігерлер дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетіп, сәбидің өмірін аман алып қалды.
Оқиға куәгерлері мен ата-анасы қатты абыржып қалғандықтан, полицейлердің есімдерін сұрап үлгермеген. Ал кішкентай науқасты дәрігерлерге тапсырғаннан кейін полиция экипажы қайтадан патрульдік қызметіне кіріскен. Кейін тәртіп сақшыларын тұрғындар полиция көлігінің борт нөмірін есте сақтап қалған қырағы көршілердің көмегімен тапқан.
Үйіміздің барлық тұрғындарының атынан оларға шексіз алғысымызды білдіреміз. Осындай жанашыр әрі батыл азаматтардың бар екеніне ризамыз, - деп жазды қала тұрғындары.
Осы орайда полиция ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды ескертіп отыр. Әсіресе жаз мезгілінде терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнатып, жиһаздарды терезе маңына қоймау қажеттігі айтылды.