Қарағандыда қатты жел кезінде ағаштың бұтағы құлап, бес жасар бала көз жұмды. Оқиға орнына келген дәрігерлер баланы өлім аузынан арашалап қала алмады. Қайғылы жағдай Әлихан Бөкейхан ауданында болған. Бұл туралы облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ағаш кондоминиум аумағында, тұрғын үйдің кіреберісіне жақын жерде орналасқан.
Қарағанды облысының Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға кезінде желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен. Медицина қызметкерлері балаға қажетті көмек көрсетуге тырысқанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қайғылы оқиғаға байланысты қала тұрғындарына қатты жел кезінде барынша сақ болу ескертілді. Мұндай кезде қураған және ескі ағаштардың, жайқалып өскен бұтақтардың, жарнамалық құрылымдардың, электр беру желілерінің және орнықтылығы төмен басқа да нысандардың маңына бармаған жөн.
Мамандар ата-аналарға кішкентай балаларды далада қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ автокөліктерді мүмкіндігінше ағаштардан және берік бекітілмеген құрылымдардан алыс жерге қойған дұрыс.
Ауа райы күрт бұзылған жағдайда ашық жерде қалмай, мүмкіндігінше тез арада ғимараттың ішін паналау қажет.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды.