Алматы гарнизоны әскери соты Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімде қызмет ететін мерзімді әскери қызметкердің өліміне қатысты істі аяқтады. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 23 қыркүйегінде жеке құрам қару-жарағын жөндеп жатқан кезде болды. Сол кезде кездейсоқ пулемет атылып, қатардағы жауынгер Сейтқали Ә қаза тапты.
Тергеу барысында әскери прокурорлар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және дәлелдемелер жинау үшін қажетті тергеу және процессуалдық шаралардың қабылдануын қамтамасыз етті.
Сот батальон командирінің орынбасары қару қауіпсіздігін қамтамасыз етпегенін анықтады. Атыстан кейін қаруды толық тексеруден өткізбеген екен. Нәтижесінде камерада қалған патрон сарбаздың өліміне әкеп соқты.
Батальон командирінің орынбасары Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі "Қызметтік міндеттерін орындаудағы ауыр зардапқа әкелген немқұрайлылық" бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.