Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен, Бахыт Дүйсенұлы Қазалы теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен, сондай-ақ теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің құрылысымен танысты. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен «Бақ Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Эскиздік жобаға сәйкес ғимараттың іргетасы мен қабырғалары күшейтіліп, шатыры ауыстырылады, есік-терезелер жаңартылады. Жолаушыларға арналған күту залдары заманауи талаптарға сай жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар, қауіпсіздік жүйелері орнатылып, аумақты көгалдандыру, тас төсеу сияқты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Әйтеке би кентінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған екі пәтерлі 40 тұрғын үйдің құрылыс алаңын көрді. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, тұрғын үйлер жуық арада пайдалануға берілмек. Бұл жобаның облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында екенін атап өткен Бахыт Дүйсенұлы мердігер ұйым өкілдеріне тұрғын үйлердің сапалы салынуын, инфрақұрылыммен толық қамтылып, белгіленген мерзімде тапсырылуын қатаң тапсырды.

Жұмыс сапары Қарлан көпірінде және Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңында жалғасты. Көпір құрылысын «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазіргі таңда кіреберіс жолы салынып, Сырдария өзенінің суын уақытша бөгеу арқылы бетон тіреулер құю жұмыстары атқарылуда. Өзеннің арғы бетінде тұратын 12 мыңға жуық халық үшін бұл көпірдің маңызын атап өткен Бахыт Дүйсенұлы ең алдымен құрылыс сапасы мен оның уақытылы аяқталуына баса мән беруді тапсырды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Жылу ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да мәресіне жақындап қалды. Нысан іске қосылған соң ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, осы жоба аясында спорт кешендері Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында да салынуда.