Қазақстан Республикасының Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан АҚШ сенаторы Стив Дэйнс екі ел арасындағы достықты нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Марапатты тапсыру барысында Қазақстан Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Өкілі Е.Қазыхан екі ел арасындағы байланыстардың беріктігін атап өтті.
– Сенатор С.Дэйнстың күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар өзара іс-қимылдың бүкіл кезеңіндегі ең жоғары деңгейге жетті, – деді Президент Өкілі.
Е.Қазыхан сенатордың парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, оның АҚШ Конгресінде Орталық Азия бойынша достық тобын құру бастамасы, Джексон-Вэник түзетуін жоюға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуі, сондай-ақ АҚШ Сенатында «C5+1» платформасының стратегиялық маңыздылығы туралы қарардың қабылдануына қолдау көрсетуі жоғары бағаланды.
Сонымен қатар қазақстандық дипломат сенатордың Қазақстан-АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
С.Дэйнс өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, марапаттың табысталуын жоғары бағалайтынын атап өтті және екіжақты қатынастарды институционалдандыру мен одан әрі дамытуға, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде, белсенді қадамдар жасауға дайын екенін растады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара қызығушылығын растады.