Қазақстан аумағында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 210 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 397 рұқсат, екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) 2 405 рұқсат берілді.
Тартылған шетелдік еңбек күші негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 008 және 1 467 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 556 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 377 адам тартылды.
«2025 жылы Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 816 жұмыс беруші тіркелді. Оларда 323,3 мыңнан астам Қазақстан азаматы еңбек етті, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрады. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыскерлердің ең көп саны мына салаларда шоғырланған: құрылыс саласында – 4 049 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 3 475 адам, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласында – 1 368 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 1 297 адам. Еңбек мигранттары келген негізгі елдер: Қытай – 6 090 адам, Өзбекстан – 3 093 адам, Түркия – 1 000 адам, Үндістан – 677 адам болды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.