Қазақстанда 2027 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу тәртібі өзгереді. Жаңа жүйе, ең алдымен, қымбат жылжымайтын мүлік иелері мен бірнеше нысаны бар азаматтарға әсер етеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді салық салу тәсілі әрбір мүлікті бөлек есептеуге емес, кей жағдайда барлық активтің жиынтық құнына байланысты болады.
2026 жылдың 31 желтоқсанынан кейін мүлік салығы екі түрлі тәсілмен есептеледі:
Егер азаматтың барлық мүлкінің жалпы құны 450 миллион теңгеге дейін болса, салық бұрынғыдай әрбір нысан үшін жеке есептеледі (пәтер, үй, гараж, қойма және т.б.).
Егер мүліктің жалпы құны 450 миллион теңгеден асса, онда салық барлық мүліктің жиынтық құны негізінде есептеледі.
Қымбат жылжымайтын мүлік иелері үшін прогрессивті салық шкаласы енгізіледі.
«Егер жалпы мүлік құны 450 миллион теңгеден асса, жоғары мөлшерлеме қолданылады: 2 946 600 теңге көлемінде тұрақты төлем және одан асатын соманың 2 пайызы есептеледі», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Бұл тәсіл халық арасында «сән-салтанат салығы» деп аталып жүр.
Мүлік салығын есептеуді бұрынғыдай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізеді. Алайда жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейеді.
Атап айтқанда, қалалық және облыстық мәслихаттар:
тұрғын үй салығының мөлшерлемесін өз бетінше арттыра алады;
бірақ бұл өсім 50%-дан аспауы тиіс;
өзгеріс енгізу туралы шешім әр жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы қажет.
Жаңа ережелер негізінен:
қымбат жылжымайтын мүлік иелеріне;
бірнеше баспанасы бар азаматтарға;
жалпы активтері орташа деңгейден жоғары адамдарға әсер етеді.
Осылайша, 2027 жылдан бастап Қазақстанда мүлік салығы әділеттілік қағидатына жақындап, табыс деңгейіне қарай сараланып есептелетін болады.