freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркелді

Құқық
Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркелді
gov.kz

Қазақстанда биыл адам саудасы  бойынша 80 қылмыс тіркеліп, онымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Ал жезөкшелікке қатысты құқық бұзушылықтар бойынша 758 әкімшілік іс қозғалып, 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Самат Құсетов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Биыл Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды жүзеге асыру аясындағы жұмыстары нәтижесінде адам саудасына қатысты 80 қылмысты тіркеді.

Тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды пайдаланған

Жиында құқық қорғау органдары әшкерелеген қылмыстық схемалардың бірі туралы да айтылды.

Алматы қаласында ұйымдасқан топ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды тауып, оларды қылмыстық мақсатта пайдаланған. Тергеу нұсқасы бойынша, алдымен олардың атына оң несие тарихы қалыптастырылып, кейін қымбат көліктер рәсімделген. Соңында бұл көліктер басқа адамдарға сатылған.

Қазіргі таңда топтың негізгі ұйымдастырушылары ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.Ұйымдасқан топ Алматы және Шымкент қалаларында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды пайдаланып келген. Бүгінде негізгі ұйымдастырушылар ұсталды, тергеу жалғасуда, - деді ол.

758 құқық бұзушылық анықталған

ІІМ адам саудасына жағдай жасайтын құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын да қатар жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері 758 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, жалпы көлемі 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Бұл істердің басым бөлігі жезөкшелікпен айналысуға үй-жай беру және жыныстық сипаттағы қызметтерді ұйымдастыру деректеріне қатысты.

Күрес тек қылмысты ашумен шектелмейді

Самат Құсетовтің айтуынша, қазір құқық қорғау органдары тек жасалған қылмыстарды тергеумен ғана айналысып отырған жоқ. Сонымен бірге заңнаманы жетілдіру, алдын алу тетіктерін күшейту және халықаралық тәжірибені енгізу бағытында жұмыс жүріп жатыр.

Қазір ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірге 2027–2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге қатысып жатыр.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың қолдауымен:

адам саудасының құрбандарын анықтаудың стандартты рәсімдері;
жәбірленушілерді қажетті қызметтерге бағыттау алгоритмі;
адам саудасының белгілері туралы ақпараттық материалдар дайындалған.
Біздің мақсат – қылмысты тіркеумен ғана шектелмеу. Алдын алу жүйесін жетілдіру, құқықтық базаны күшейту және халықаралық тәжірибені енгізу маңызды, - деп атап өтті маман.

Құрбандарға нақты көмек көрсетіліп жатыр

Адам саудасының құрбандарына қолдау көрсету де министрлік жұмысының маңызды бағытының бірі.

Биыл қайта бағыттау тетігі арқылы 15 адамға көмек көрсетілген.

Оның ішінде 11 адам заңгерлік кеңес алған, 3 адамға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілген, бір бала сәбилер үйіне орналастырылған.

Сонымен бірге 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алынып, екі адамға өтемақы төлеу жоспарланып отыр.

Интернеттегі заңсыз контент бақылауда

ІІМ интернет кеңістігіндегі адам саудасына қатысты тәуекелдерді де тұрақты бақылап келеді.

Биыл порнографиялық материалдар жарияланған 8 мыңға жуық интернет-ресурсты бұғаттау туралы ұсыныс Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған.

Сонымен қатар қоғамның хабардарлығын арттыру мақсатында жыл басынан бері тақырыпқа қатысты 1500-ге жуық материал жарияланған. Оның 859-ы бұқаралық ақпарат құралдарында, 628-і әлеуметтік желілерде жарық көрген.

Біз трансұлттық ұйымдасқан топтарды, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы әрекет ететін қылмыстық схемаларды анықтау бағытындағы жұмысты күшейтеміз. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесін енгізуге басымдық беріледі, - деді Самат Құсетов.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу