Еліміздің Көлік министрлігі авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде «Air Astana» АҚ мен «FlyArystan» АҚ компаниялары авиаотын көлеміне қатысты мәліметтерді бұрмалағанын анықтады, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік мәліметінше, осы фактілерге байланысты екі авиакомпания да Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әр компанияға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі есеп бойынша, 100 АЕК – 393 200 теңге.
Ведомствоның атап өтуінше, бұл шаралар авиация саласында отын көлемінің дұрыс есепке алынуын және есептіліктің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Argus сарапшыларының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда авиаотын бағасы Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Осыған байланысты сарапшылар ел ішіндегі әуе билеттерінің неге әлі де қымбат болып отырғанына назар аударып келеді.