Қазақстанда енді абақтыда отырғандар жақындарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесе алады. Қазіргі таңда елдегі 18 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 86 видеотаксофон орнатылған. Олардың басым бөлігі әйелдер колонияларында орналасқан.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, жобаның мақсаты – сотталған әйелдердің отбасымен, әсіресе балаларымен байланысын сақтап, отбасылық құндылықтарды нығайту. Өйткені кейбірінің жақындары басқа өңірлерде тұратындықтан, жиі кездесуге мүмкіндігі жоқ.
Жаңа жүйе арқылы сотталғандар жақындарымен бейнеқоңырау шала алады. Әрқайсысына жеке ID-код беріледі, ал туыстары Google Play-дегі Soilephone қосымшасын жүктеп, байланыс ақысын өздері төлейді.
Видеотаксофондар Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауыт базасында дайындалады. Оларды түрмелерге таксофон орнатумен айналысатын «Жас-Тарлан» компаниясы өз қаражаты есебінен жеткізген. Жобаға бюджеттен қаржы бөлінбеген.
Жоба жетекшісі Бейбіт Шәжімбаевтың айтуынша, жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді. Сотталғандар тек алдын ала тіркелген жақындарының нөмірлеріне ғана қоңырау шала алады. Әңгімелер жазылмайды және үшінші тараптың тыңдауына жол берілмейді.
Видеотаксофондарды бірнеше адам бір мезгілде пайдалана алады. Ал қоңыраулардың уақыты мен саны мекеме әкімшілігінің бақылауымен реттеледі. Жоба авторлары бұл тәжірибені болашақта әскери бөлімдерге де енгізуді жоспарлап отыр.