Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында Ресей «Герань-2» (Shahed) үлгісіндегі камикадзе-дрондарды сынақтан өткізіп жатқаны анықталды. Мұндай ұшқышсыз аппарат бұған дейін Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған болатын, деп жазады Ulysmedia.
Бұл ақпаратты OSINT-зерттеуші kim høvik жариялады. Ол 2022 жылдан бері Google Maps сервистіндегі спутниктік суреттерді салыстыра талдап, сынақ полигонында дрондарға арналған қоймалар мен ұшыру инфрақұрылымы бар екенін алға тартты.
«Ресей Тоцк ауданындағы сынақ алаңында «Герань» сериясындағы жаңа дрондарды және өзге де ұшқышсыз аппараттарды сынауда», — деп хабарлады талдаушы әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Герань-2» Ресейде жасалған камикадзе-дрон болып саналады және ирандық Shahed-136 моделінің баламасы ретінде белгілі. Бұл дрон Украинадағы соғыста белсенді қолданылып жүр. Оның ұшу радиусы 700–1800 шақырымға дейін (кейбір мәліметтерде — 2500 шақырымға дейін), жылдамдығы сағатына шамамен 180 км, ал бір данасының құны шамамен 200 мың доллар деп бағаланады.