Қостанай облысының Рудный қаласының тұрғыны салмағы 5190 грамм болатын қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Malim.kz Рудный қалалық ауруханасына сілтеме жасап.
Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының мәліметінше, 5190 грамм салмақпен туған сәби медициналық мекеменің перинаталдық орталығында өмірге келген.
«Ләйсан деп ат қойылған сәби 10 сәуір күні дүниеге келді. Салмағы – 5190 грамм, бойы – 55 см. Қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Ота жасаған дәрігерлер – Тулебаева Л. мен Баймурзина З., операциялық мейірбике – Шлычкова А., анестезиолог – Лис О.», – деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәресте мен анасының жағдайы жақсы. Бұл – рудныйлық әйелдің екінші баласы. Оның үлкен ұлы 3100 грамм салмақпен туған.
«Жүктіліктің 37-аптасында УДЗ-ға түскенімде, дәрігерлер қызымның салмағы шамамен 3700 грамм болады деген еді. Әрине, 41-аптаға дейін сәбиімнің 5 келіге дейін өскеніне қатты таңғалдым. Қазір қызым жақсы тамақтанады, жиі емгісі келеді. Өзімнің де, баламның да жағдайы жақсы. Жақын күндері перзентханадан шығуды асыға күтіп отырмыз. Қызымыздың есімін күйеуім екеуміз бірге таңдадық, бізге Ләйсан есімі өте ұнайды», – деді Индира есімді ана.
2026 жылдың басынан бері Рудный қалалық ауруханасының перинаталдық орталығында салмағы 5 келіден асатын төрт сәби дүниеге келген.