freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қырғызстан KEGOC-тың жарықтың өшуіне қатысты нұсқасымен келіспейді

Әлем
Қырғызстан KEGOC-тың жарықтың өшуіне қатысты нұсқасымен келіспейді
Фото: BAQ/ЖИ

Қырғызстанның Энергетика министрлігі 14 тамызда Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесінде болған ірі ақауға қатысты түсініктеме берді. Ведомство Токтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажырағанын растағанымен, бұл жағдайды Қазақстандағы жаппай электр өшуінің тікелей себебі деп бағалауға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қырғызстан Энергетика министрлігінің дерегінше, 14 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 15:37-де энергетикалық жүйеде технологиялық ақау тіркелген. Осыдан кейін Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесі оқшауланған режимге көшкен.

Ақаудың себептерін анықтау кезінде Токтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылғаны белгілі болған. Қырғыз тарапы бұл жағдайды жүйедегі алғашқы ауытқу ретінде сипаттады. Одан кейін электр қуатының ағындары өзгеріп, апатқа қарсы автоматика іске қосылған.

Алайда Қырғызстанның бұл оқиғаға қатысты ұстанымы Қазақстанның жүйелік операторы KEGOC мәліметінен өзгеше.

Бұған дейін KEGOC Токтоғұл ГЭС-індегі генераторлардың ажыратылуы Қазақстандағы Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитінің шамадан тыс жүктелуіне себеп болғанын хабарлаған. Соның нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік аймағы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Орталық Азияның энергетикалық жүйесінен ажырап, бірнеше облыста электр қуаты өшкен.

Қырғызстан тарапы болса, Токтоғұл ГЭС-індегі бастапқы ауытқуды Қазақстандағы кейінгі электр өшуінің тікелей себебі ретінде қарастыру дұрыс емес деп санайды.

«Бұл бастапқы ауытқуды басқа елдердегі жекелеген энергетикалық жүйелер мен энергия тораптарының өшуінің тікелей себебімен теңестіруге болмайды. Мұндай жағдайда энергетикалық жүйелер теңгерім қалпына келгенге дейін оқшауланған режимде, оның ішінде жиілік төмендеген кезде де тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, ақаудан кейін Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі жиілік шамамен 18 минут ішінде қалыпты 50 Гц деңгейіне жеткізілген. Осы уақытта Қырғызстан көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт электр энергиясын беріп отырған.

Қырғызстан Энергетика министрлігі Алматы энергия торабының ажырауы Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі жиілік қалыпқа келгеннен кейін болғанын атап өтті. Сондықтан Қазақстандағы және басқа да елдердегі электр тораптарының кейінгі ажырауын әр жүйеде болған процестерді жеке-жеке талдау арқылы анықтау қажет деп есептейді.

Ведомство бірлескен техникалық тексеру аяқталмай тұрып, 14 тамыздағы апаттың барлық салдарына Қырғызстан жауапты деп айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Қазір оқиғаның нақты себептері мен энергетикалық жүйелердегі ақаулардың өзара байланысын анықтау үшін техникалық талдау жүргізіліп жатыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу