Қазақстандық ММА жұлдызы Шавкат Рахмонов Ислам Махачевтің UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін жеңіп алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Исламды тамаша өнер көрсеткенімен құттықтаймын. Бірақ 170 фунтқа дейінгі салмақтағы нағыз сын — мен боламын», — деп жазды Рахмонов X әлеуметтік желісінде.
Шавкат Рахмоновтың командасы Dar Team да Махачевтің жеңісіне қатысты пікір қалдырды.
«Бәрі осы үлкен оқиғаға жақындап келе жатқан сияқты, солай ма? Шавкат Рахмонов vs Ислам Махачев», — делінген команда жариялаған жазбада.
Еске сала кетейік, танымал ресейлік файтер, UFC-дің бұрынғы жеңіл салмақ чемпионы Ислам Махачев UFC 322 турнирінде Джек Делла Маддаленаны қазылардың бірауыздан берген шешімімен жеңіп, жартылай орта салмақта жаңа чемпион атанған еді.
Ал Шавкат Рахмонов соңғы бір жыл бойы октагонға шыққан жоқ. Бұған оның алған көптеген жарақаттары себеп болды. Соңғы рет қазақстандық спортшы 7 желтоқсанда өткен UFC 310 турнирінде ирландиялық Иан Мачадо Гэрримен кездесіп, оны қазылар шешімімен жеңген болатын.