freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресейде үшінші мұнай өңдеу зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты

Әлем
Ресейде үшінші мұнай өңдеу зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты
Фото: видеодан кадр

«Роснефть» компаниясына тиесілі Саратов мұнай өңдеу зауыты ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін мұнай өңдеуді тоқтатты, деп хабарлайды Malim.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, кәсіпорын 8 шілдеден бастап өндірісті тоқтатқан. Бұған зауыт аумағындағы зақым мен одан кейін шыққан өрт себеп болған.

Дереккөздердің айтуынша, зауыттағы тәулігіне 20 мың тонна мұнай өңдеуге қауқарлы жалғыз бастапқы өңдеу қондырғысы – АВТ-6 тоқтатылған. Оны қалпына келтіру жұмыстары бір аптадан екі аптаға дейін созылуы мүмкін.

Өндіріс тоқтағаннан кейін Саратов МӨЗ Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасында мұнай өнімдерін сатуды да тоқтатқан.

1934 жылы салынған Саратов мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі ең көне мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады. Оның жылдық өндірістік қуаты шамамен 7 млн тоннаны құрайды.

Reuters мәліметінше, 2024 жылы зауыт 5,8 млн тонна мұнай өңдеп, 1,2 млн тонна автобензин, 1,9 млн тонна дизель отыны және 1 млн тонна мазут өндірген.

Бұл кәсіпорынның биылғы алғашқы тоқтауы емес. 31 мамырда да Саратов МӨЗ дрон шабуылына ұшырап, жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Кейін маусымның екінші жартысында қайта іске қосылған.

Осылайша Саратов МӨЗ шілде айында жұмысын тоқтатқан Ресейдегі үшінші мұнай өңдеу зауыты болды. Бұған дейін 2 шілдеде «Лукойлдың» «Нижегороднефтеоргсинтез» зауыты, ал 6 шілдеде Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорны саналатын «Газпром нефтьтің» Омбы мұнай өңдеу зауыты өндірісін тоқтатқан еді.

Сарапшылардың пікірінше, ірі мұнай өңдеу зауыттарының қатарынан тоқтауы Ресейдің мұнай өнімдері нарығына, әсіресе бензин мен дизель отынына маусымдық сұраныс жоғары кезеңде қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу