«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған қаласындағы әлеуметтік, білім беру және мәдениет салаларындағы бірқатар маңызды нысанды аралап, жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды Malim.kz.
Сапар барысында жұмыстардың қазіргі қарқынына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және құрылыс сапасына баса назар аударылды.
Алдымен «Ұлытау университеті» КЕАҚ-тың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қаралды. Руслан Өскенәлі университет аумағындағы құрылыс барысымен танысты. Жоғары оқу орнын дамыту өңір үшін қажетті білікті мамандарды, соның ішінде тау-кен саласына қажет техникалық кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Университеттің білім беру қызметін 2026 жылғы 1 қыркүйекте бастау жоспарланған. Алғашқы қабылдау пайдалы қазбаларды өндіру және барлау бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларына жүргізіледі.
Бұдан кейін «Жастар» қалалық саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысы тексерілді. Жобаны іске асыруға 4,9 млрд теңге бөлінген. Саябақ аумағында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын, субұрқақ, балалар ойын алаңдарын және басқа да заманауи инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Қазіргі таңда саябақтағы демонтаж жұмыстары аяқталып, абаттандыруға қажетті аумақты дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Руслан Өскенәлі жауапты тараптарға жұмыстардың қарқынын сақтап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Құны 5,1 млрд теңге болатын жоба театрдың сәулеттік және тарихи келбетін сақтай отырып, сахналық және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасы мен бекітілген жұмыс кестесінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ, Руслан Өскенәлі салынып жатқан Орталық мешіт пен Кеңгір су қоймасы жағалауының абаттандырылып жатқан аумағын да көрді. Қазіргі уақытта жағалауды абаттандырудың екінші кезеңі аясында аумақты жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны – 3,4 млрд теңге.
Сапар қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі жауапты бөлімшелер мен мердігер ұйымдардың басшыларына құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауды және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысы компания басшылығының тұрақты бақылауында.
Қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – «Қазақмыстың» қатысу өңірлеріндегі маңызды бағыттардың бірі. Компания білім беру, мәдениет және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асырып, өңірлердегі инфрақұрылымды одан әрі жаңғыртуға инвестиция салуды жалғастырады.