Қазақстанда жаңа Салық кодексіне қол қойылғаннан кейін, кәсіпкерлерге оның негізгі өзгерістері бойынша түсіндіру жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды Malim.kz.
Алғашқы кеңейтілген түсіндіру шарасы 18 шілдеде «Атамекен» ҰКП алаңында өтті. Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және «Атамекен» президиумының төрағасы Райымбек Баталов салалық қауымдастықтармен офлайн және онлайн форматта өткен семинар-кеңеске қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне жаңа Салық кодексінің басты нормаларын таныстырды.
Негізгі өзгерістер:
Арнаулы салық режимдері жетіден үшке дейін қысқартылды:
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
- Жеңілдетілген декларация негізінде;
- Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар:
- Жеке кәсіпкер болып табылмайтын;
- Жұмыскер еңбегін пайдаланбайтын;
- Айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын жеке тұлғалар;
Бұл топ ЖТС-дан босатылып, тек табысының 4%-ы көлемінде әлеуметтік төлем төлейді.
Жеңілдетілген декларация режимі:
- ҚҚС пен әлеуметтік салық төлеуден босату мүмкіндігі сақталады;
- Табысы жылына 2,4 млрд теңгеден аспайтын салық төлеушілер қолдана алады;
- Қызмет түріне шектеу – тыйым салынған қызмет түрлеріне жатпауы тиіс.
Шаруа қожалықтары:
- Арнаулы режим сақталады;
- Бірыңғай жер салығы жойылып, енді жалпы табыстың 0,5%-ын ЖТС түрінде төлейді.
Жер салығы:
- Пайдаланылмай жатқан немесе заңға сай келмей пайдаланылатын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық мөлшері 20-дан 40 есеге дейін ұлғайтылды.
Жаңа кодекс салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және ашықтықты арттыруға бағытталған. Түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Фото: t.me/KZgovernment