Америкалық рэперге ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды
Қазіргі уақытта куәгерлердің есімдері белгілі болды. Олардың қатарында Голливудтың аса танымал жұлдыздары бар
Әлемге Puff Daddy (P. Diddy және Diddy) ретінде танымал америкалық рэпер Шон Комбс жақында қамауға алынған болатын. Оған жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті, адамдарды саудалады, жезөкшелік үшін адам тасымалдады, бопсамен айналысты деген айып тағылып отыр. Қазір оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Бұл туралы The Telegraph басылымы хабарлады.
Бұған дейін рэпер өзі ұйымдастырған сауық кештеріне атақты жұлдыздар қатысқанын айтқан. Сөзінше, олар Шон Комбстың жыныстық зорлық-зомбылық жасағанын білсе де, үнсіз қалған.
Рэперден зардап шеккендердің бірі әнші Джастин Бибер болуы мүмкін. Ол Шон Комбспен бала кезінде бірге жұмыс істеген. Сондай-ақ Бейонсе, Опра Уинфри және шоу-бизнестегі басқа да белгілі тұлғалар Puff Daddy-дің қылмыстарына куә болған көрінеді.
- Puff Daddy қамауға алынғанға дейін бірнеше күн бұрын бейнежазба түсіріп, оның сауық кештеріне қатысқан жұлдыздардың есімдерін атап шықты. Бұл тізімде Наоми Кэмпбелл, Опра Уинфри, Уилл Смит, Малума, Снуп Догг, Кара Делевинь, Сара Джессика Паркер, Хлоя Кардашьян, Бейонсе, Эштон Катчер, Леонардо Ди Каприо секілді белгілі адамдар бар. Сондай-ақ рэпердің бұрынғы қалыңдығы, әнші және актриса Дженнифер Лопес те оның әрекеттерінен хабардар болуы әбден мүмкін, - деп жазды The Telegraph басылымы.
Puff Daddy қазір қайда?
Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, рэпер атақ-беделін пайдаланып, небір сұмдық әрекеттерге барған, Мысалы, Puff Daddy әйелдерді қорқытып, бірнеше күнге созылатын жынойнақтарға қатысуға мәжбүрлеген. Олардың келісімін алмай интимдік сипаттағы бейнежазбалар түсірген. Осындай әрекеттері жайлы ешкім тіс жармауы үшін видеоны алға тартып, жәбірленушілерді бопсалаған.
Қазір ол сот шешімін күтіп, Бруклиндегі Metropolitan бас бостандығынан айыру орталығында қамауда отыр. Оған кепілмен босап шығуға рұқсат берілмеген.
Егер Шон Комбстың кінәсі дәлелденсе, бұл Голливудтағы соңғы жылдардағы ең үлкен жанжалдардың бірі болмақ. Сондай-ақ инсайдерлердің айтуынша, Комбстың бейнежазбасында есімдері аталған барлық танымал тұлғалар тағдырына алаңдап жатқан көрінеді. Себебі аталған оқиға расталса, онда олардың абырой-беделіне өте үлкен нұқсан келмек.
Дереккөз: unian.net
Фото: point.md