«Мүгедек» деп көк қағаз береді»: танымал әнші қызының ерекшелігі туралы айтты
Ол аутизмнің ауру еместігін алға тартты.
«Диета» тобының әншісі Жасұлан Базарбай қызының ерекше бала екенін айтып, көпшілікке мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, қызы сөйлемесе де, ән айтады.
Менің қызым — аутист. Ол сөйлемейді. Бірақ ән айтады. Ешкім үйде орысша сөйлемейді, алайда ол ұнаған әнін кез келген тілде – мейлі ағылшынша, мейлі кәрісше болсын – нақышына келтіріп орындайды. Бұл – мен үшін күн сайын таңғажайып құбылыс. Себебі ол ән арқылы өзін білдіреді. Өз эмоциясын, ішкі әлемін сыртқа шығарады. Қарапайым бала емес. Ерекше бала. Дарынды. Терең сезетін. Тек әлеммен байланыс тәсілі басқаша. Қазір мен осындай балаларды зерттеп жүрмін. Көп ата-анамен сөйлесем, олардың балалары да сөйлемесе де, сурет салады, музыка сезінеді, сандармен ойнайды. Біздің қоғам мұндай баланы көрсе, ең алдымен «мүгедек» деп көк қағаз береді. «Ауру» деп аят қылады. Бірақ бұл дұрыс емес. Аутизм ауру емес. Бұл — ерекше даму жолы. Бұл балалар – мүгедек емес, дарынды. Олар шындықты басқаша сезінеді, оны айту үшін қалыпты тілді емес, музыка, сурет, қозғалыс, дыбыс сияқты ішкі тетіктерін қолданады, деп жазды әнші.
Ол мұндай балаларды қоғам дұрыс қабылдаса екен дегенді алға тартты. Ол тіпті инклюзивті мектеп ашуды жоспарлап жүргенін тілге тиек етті.
Қоғам қашан түсінеді екен — аутист балалар біз ойлағандай әлсіз емес. Олар бізден де тереңірек, пәк әрі тазарақ әлемде өмір сүреді. Оларға жанашырлық емес, түсіністік, қабылдау, және ең бастысы — мүмкіндік керек. Осы мәселе бойынша билікке хат дайындап жатырмын. Инклюзив білім беру бағытында мектеп ашқым келеді. Бұл өз қызым үшін емес, барлық бала үшін пайдалы болмақ, деді эстрада жұлдызы.
Фото: instagram.com/jbazarbaev