7 % қарттар және демографиялық даму бағдарламасы

Malim Админ

  • 12.10.2020

Қазақстан жас мемлекет. Бірақ жас ұлт па? Елімізде егде тартқан адамдардың саны көбейе түскен. Бұндай ақпарат ЮНФПА (БҰҰ Халық қоныстану қоры) үйлестірушісі Ғазиза МОЛДАҚҰЛОВАНЫҢ баяндамасында жарияланды.

Зерттеуге орай Қазақстан демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының  классификациясына сәйкес қоғамда 65 жастан асқан және жасы одан жоғары адамдардың үлесі 7 пайыздан асса, онда қартаю процесі жүріп жатқанының белгісі екен.

«Қазақстандағы демографиялық жағдай егде жастағы адамдардың үлесінің ұлғаюымен сипатталады, 2019 жылдың басында 60 жастан асқан халық үлесі елдегі барлық халықтың 11,6 пайызын, 65 жастан асқан адамдардың үлесі 7,5 пайыз болған еді. Мемлекет демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр. Өңірлердің жартысында қартаю процесіне тән 7 пайыздық шек айтарлықтай еңсерілген», - дейді Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы БҰҰ қорының халық қоныстануы, дамуы және гендері мәселелері жөніндегі жобаның ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова.

Қазақстанның солтүстік-шығысында және Орталық Қазақстанның бір бөлігіндегі жағдай Еуропа елдерімен ұқсас келеді. Бұл ұлттың табиғи өсуі және эмиграциямен байланысты болыр екен. Оңтүстік және батыс өңірлерін мен  Нұр-Сұлтан қаласында бала туудың өсуі байқалады. Сондықтан ол аймақтарда қарттардың үлесі көп емес.

«Салыстырмалы түрде Қазақстан жас ұлт. Сондықтан қарттардың көбеюіне назар аудару қажет. Егде адамдардың саны 7,3 пайыз. Бұл көрсеткіш 2050 жылдарыекі есеге артады. Бұндай жағдай 1990  жылдары Жапонияда, ал 1970 жылдары Швецияда болған», - Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы БҰҰ қорының халық қоныстануы, дамуы және гендері мәселелері жөніндегі жобаның ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова.

Адамдардың қартаю процессі мемлекеттің барлық саласына өз салқынын тигізеді екен. Экономика, инвестиция, еңбек нарығы, зейнетақы мен салық жүйесіне. Әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне де әкеп соғады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы  Халық қоныстану қоры бұл тұрғыда адам өмірінің сапасын арттыруды жөнінде кеңес береді. Бала мен ана денсаулығына және жалпы денсаулық саласын күшейту қажет деп есептейді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда бала туу жоғарылаған. Соңғы он жылда қазақстандықтардың саны 15, 1 пайызға өскен. Сенатор Ләззат СҮЛЕЙМЕН демографиялық даму саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді ұсынған. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы  Халық қоныстану қорының ұсынысына сәйкес келіп отыр.

Естеріңізге салай кетейік, осы жылдың қыркүйек айында сенатор Сүлеймен Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовке депутаттық сауал жолдаған.

«Демографиялық өзгерістердің теріс салдарын еңсеруді алдын ала стратегиялық жоспарлау және бұл мақсатқа қол жеткізіп демографиялық дивиденд алу үшін, мемлекет адам капиталына инвестициялардың деңгейі мен қайтарымын арттыруға бағытталған саясат жүргізу керек. Ол үшін жастардың еңбек нарығына тартылуын ұлғайту, жастардың денсаулық, еңбек және репродуктивті құқықтары, әлеуметтік қолдау кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған, бала тууды қолдау саясаты нақты әрі нәтижелі болуы тиіс», - деген еді сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Жалпы, елдегі демогарфиялық ахуалдың толық картинасы биыл тағы бір сараланар еді. Алайда, әлемді әбігерге салған короновирусқа байланысты санақ 2021 жылдың қазан айына шегерілді. Санақ биылғы жылдың қазан айында өтуі тиіс еді.

С. Назарова

Фото: business-magazine.online

MalimBlocks