Әкім ата қарттар үшін алаңдайды
Мәжілістегі 65-тен асқан депутаттар сақтанып үйде жатса, 66 жастағы Ахметов замандастары үшін ат үстінен әлі түскен жоқ.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандардың саны 325 адамға жетті. Жазылып шыққандар 22 болса, екі адам індеттен қайтыс болған.
Енді Шығыс Қазақстандағы қос қала Семей мен Өскемен де карантинге жабылатын болды. Ресми мәлімет бойынша ШҚО-да екі адам қауіпті індетке шалдыққан.
«Халықтың денсаулығын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында, Мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, Сіздердің ұсыныс, өтініштеріңіз бойынша, Өскемен мен Семей қалаларында, 2020 жылғы, 2 сәуірде, сағат 00.00-ден бастап, қосымша шектеулер енгізіледі.
Шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін "жасыл дәліз" ашылды», - деп жазды облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ фейсбук парақшасында.
Осылайша биыл Абай тойына дайындалған шығыс еліне де төтенше жағдай келіп жетті. Автокөлік қозғалысы күндіз шектетіліп, түнде тоқтатылатын болады. Қоғамдық көліктер де жүруін азайтады. 6-сәуірден бастап Өскемен мен Семей тұрғындары рұқсат қағаз арқылы ғана жүре алады. Қысқасы, тәртіп күшейіп, көп нәрсеге тыйым салынады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша 65 жастан асқан адамдар үйден шықпау керек. Бұл сөзге тоқтаған мәжілістің 22 депутаты үйлерінен тырп етпей шықпай отырғанын МӘЛІМ КЗ сайты бұған дейін жазған болатын. Алайда, әкім Ахметов жұмыста. Әрине Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сөзін тыңдау-тыңдамау әркімнің өз шаруасы. 66 жастағы әкім жетпістен асқан замандастарына үйден шықпаңдар деп кеңесін беруде.
"Өскемен және Семейдегі, жасы 70-тен асқан жерлестеріме, бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйден шықпауларын сұраймын. 2 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік өнімдерінің 19 түрі, гигиена құралдарының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына бір рет тегін болады", - деді облыс әкімі.
Фото: ernur.kz