Алексей Цой неге Ресей вакцинасын салдырмады?
Бүгін елде ковидке қарсы жаппай вакцинация басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың орынбасары Ажар Ғиният пен бас санитар әрі вице-министр Ерлан Қиясов бүгін өздеріне Ресейдің "Спутник-V" вакцинасын салдыртты. Бірақ денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып "Спутник-V" вакцинасын салдырмады. Malim.kz денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Артақшиноваға хабарласып, министрдің қашан вакцина салдыратынын сұрады. Әсел Артақшинованың айтуынша, Алексей Цойдың қазақстандық QazCovid-in вакцинасын салдымақ.
"Алексей Цой вакцина салдырады. Ол қазақстандық вакцина дайын болған кезде оны салдырады. Бізде министрлікте солай бөлінген: екі вице-министр отандық, екі вице-министр ресейлік вакцинаны салдырады. Марат Шоранов пен Жандос Бүркітбаев (денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары - ред.) қазақстандық вакцинаны салдырады. Біз қазақстандық вакцинаны да қолдауымыз керек. Сондықтан Цой қазақстандық вакцина дайын болған бетте оны салдырады", - деді министрліктің баспасөз хатшысы Әсел Артақшинова.
"Қазақстанның ковидке қарсы вакцинасы қашан дайын болады?" деген сұраққа денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Артақшинова: "Ақпан айының аяғына дейін дайын болатын шығар деген үміттенеміз", - деп жауап берді.
Қаңтар айының басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина Қазақстанда тіркеліп, жаппай қолданысқа шығарылғанда алғашқылардың бірі болып вакцина салдыратынын мәлімдеген. Бірақ министр ол уақытта өзіне қандай вакцина салдыратынын ашып айтпаған.
"Ресейдің де, Қазақстанның да вакцинасын салдырмадым. Қазір сынақтың қорытындысын күтіп отырмыз. Қазақстанда ресми тіркеліп, жаппай қолданысқа енген соң бірден алғашқылардың бірі болып салдырамын. Ресейлік вакцина ма, әлде қазақстандық вакцина ма, онда тұрған ештеңе жоқ. Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестердің жартысы қазақстандық, бір жартысы ресейлік вакцинаны салдырамыз. Екі вакцина да қауіпсіз, тиімді екенін көрсету үшін. Бірақ ол үшін тексерістің ақырғы нәтижесі мен вакцинаның ресми тіркелуін күтіп отырмыз", - деген А.Цой 3 қаңтар күні өткен брифингіде.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның сынағы толық аяқталмаса да, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оны алғашқылардың бірі болып салдырды. Ізінше президент кеңесшісі Ерлан Қарин мен Жамбыл облысының әкімі де Қазақстан ғалымдары жасап шығарған QazCovid вакцинасын салдырды.