Алматы облысында баспаналы болған аналардың өкініші
Алматы облысының шенеуніктері 305 миллионға көпбалалы аналар мәселесін шеше алмаған.
Алматы облысына қарасты Сарыөзек кентінде көпбалалы аналарға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Керегелерінен жел соғып, қабырғалары сетінеп жатыр. Бұл туралы өңірдегі МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі хабарлайды.
Көпбалалы аналардың баспана проблемасын шешу үшін бюджеттен 305 млн теңге бөлінген еді. Бұл қаражатқа 2019 жылы 51 отбасына қолданыстағы үйлер сатып алынып, мұқтаж жандарға жалға берілген.
Қыста үйдің ішінде жел соғып, 6-10 тоннаға дейін көмір жаққан. 1960-1970 жылдары салынға ескі үйлер 3 пен 8 млн теңгенің аралығында алыныпты.
«Көршілердің айтуынша, осындағы кей үйлер 8 млн (теңгеге) бағаланған. Бұндай ақшаға қалай алғандарын түсінбеймін. Мен көпбалалы анамын. Үйдің ремонтан жасаймын ба, әлде балаларға тамақ тауып беремін бе, басым қатып отыр», - дейді Гүлназ СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.
«Берген үйлері суық. Қыста 10-15 тонна көмір жағасың. Көмір бағасы қымбат. Қабырғаның тесіктерін қолдан келгенше бітеп жатырмыз. Су тисе, қабырға құлағалы тұр. Әкімдік өздері жөндеп бере ме екен, білмеймін», - дейді Сарыөзек кентінің тұрғыны Нұрлан БАЙСҰЛТАНОВ.
Сондай-ақ, МӘЛІМ КЗ тілшісіне сұхбат берген тұрғындар қолдарына үй құжаттының тимегенін де айтады. Соның кесірінен тіркеле алмай жүр. Соған қарамастан, балалары ауырмауы үшін үйді ақтап, сырлап шыққан.
«Міне қазір пеноплекспен қаптап жатырмын. Материал біткенсін, тоқтап қалдым. Жөндеу жұмысына 300 мың теңге кетеді. Қайтеміз, амалсыздан осы үйге кірген едік қой», - дейді Бауыржан САБЫРЖАНҰЛЫ.
«Сегіз ай болды. Бұл үйге тіркеуге тұра алмай жүрміз Құжаттары жоқ. Не ешкім ештеңе айтпайды бізге. Өзім міне, 7-ші баламды тіркей алмай, оны жәрдемақыға кіргізе алмай жүрмін», - дейді Динара ҚАЛДЫБАЕВА.
Ал, әкімдік өкілдері құжаттардың созылып кетуінің өз себебі бар дейді. Алайда, көпбалалы аналар проблемасын шешу үшін бюджеттен бөлінген қаржыға неге сапасыз үйлердің алынғанын түсіндіріп бере алмады.
«Сатып алынған үйлердің төменгі бағасы 4 млн теңге. Ең жоғарғысы баға 8 млн 400 теңге. Құжат мәселесі бойынша, құжаттар бүгінгі күні дайындалып жатыр. Жақында тұрғын үй-коммуналдық бөліміне өткіземіз», - дейді Кербұлақ аудандық құрылыс бөліміінң басшысы Асхат БУРАХАНОВ.
Аудандық тұрғы үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бұл үйлердің жекешелендіруге жатпайтынын айтады. Құжаттар реттелгенде ай сайын көпбалалы аналар жалға төлеп тұрады екен.
«Біз «вторичный жилье» сатып алдық қой. Үйлер иесінен мемлекеттік органның атына құжаттарын ауыстырдық. Енді, бізге балансқа өтеді жақында. Ордер береміз, тұрып жатқан көпбалалы отбасыларға. Ол кісілер тұра береді. Бірақ та, ол кісілердің сатып алу құқығы жоқ, үйлер сатылмайды. Ай сайынғы төлемдерің тарифын үйлердің бағасына қарай шығарып береміз», - дейді Кербұлақ аудандық тұрғы үй-коммуналды шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан ШАЛҒЫНБАЕВ.
Ал, сонда мемлекеттің меншігіндегі, көпбалалы аналарға жалға берілген бұл үйлердің жөндеу жұмыстарына кім жауапты? Бұл сауалға нақты жауапты біле алмадық.
Фотолар автордікі.