Қазақстан мен Әзірбайжанды Каспий теңізінің табаны арқылы жалғайтын алғашқы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталды. Жоба Орталық Азия мен Еуропа арасындағы жаңа цифрлық дәліз қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында ұзындығы шамамен 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық кабель Ақтау мен Әзербайжанның Сумғайыт қаласын жалғайды. Кабельді тарту жұмыстарын Kazakhtelecom мен AzerTelecom бірлесіп құрған CaspiNet/CaspiLink жобасы жүзеге асыруда. Кабельдің өткізу қабілеті 400 Тбит/с-қа дейін жетеді деп жоспарланған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың маңызын бірнеше рет атап өткен. Ол 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында халықаралық көлік дәліздерімен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтып, Каспий арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде атаған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитінде бұл жоба елдер арасындағы цифрлық байланысты күшейтіп, Еуразия кеңістігінде жаңа цифрлық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Жоба Digital Silk Way (Цифрлық Жібек жолы) халықаралық бастамасының бір бөлігі саналады. Оның негізгі мақсаты - Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасудың балама әрі қауіпсіз бағытын қалыптастыру, интернет байланысының сенімділігін арттыру және өңірдің цифрлық транзиттік әлеуетін күшейту.