Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша негізгі келісім күшіне енді. Ресейдің мемлекеттік Росатом корпорациясы мен Қазақстан тарапы станция құрылысына қатысты келісімге қол қойды. Жоба Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында, Балқаш көлінің жағасында жүзеге асырылады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, жобаның алдын ала құны шамамен 16,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Станцияда екі ВВЭР-1200 реакторы орнатылады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр, ал алғашқы энергоблокты 2034 жылдың басында іске қосу көзделген.
Қазақстан - әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел. Билік жаңа атом электр станциясы елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, көмірге тәуелділікті азайтуға және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді. Сонымен қатар елде екінші атом электр станциясын Қытайдың CNNC компаниясының қатысуымен салу жоспары да жарияланған.