Астанада мешіт қызметкерін пышақтап кетті
Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады

Астанадағы мешіт қызметкерін белгісіз біреулер бірнеше жерінен пышақтап кеткен. Ауыр жараланған азаматтың жағдайы мүшкіл.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы азаматтың қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді.
«14 наурызда жедел жәрдем бригадасы науқасты №3 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізді. Пациент бірнеше жерден пышақ жарақатын алған, жағдайы ауыр. Науқасқа шұғыл ем жүргізілді. Қазір науқастың жағдайы өте ауыр. Пациентті аман алып қалу мақсатында ОАРИТ жағдайында ем жалғасып жатыр», - дейді ведомстводан.
Болған жайтқа қатысты Полиция департаменті түсінік берді.
«Аталған факті бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Айыпты оқиға орнында ұсталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен өзге де деректер жарияланбайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қылмыстық оқиғаға отбасылық қақтығыстар, дәлірек айтқанда күдікті азамат пен оның әйелі арасындағы дау-жанжалдар себеп болғанын хабарлады.