Астананың ауасы ақырындап тазарып келеді

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев екі сағат бойы Астана тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

  • 30.06.2023

Қойылатын сұраққа шектеу болған жоқ. Вице-министр азапталатын бұралқы итті қорғаудан бастап, басынан дау арылмаған Талды көл, тартысы президенттің көңілін де алаңдатқан су тапшылығы, мыңдаған тоннадағы қалдықтарды өңдеу мәселелеріне дейін қамтыды. Кездесуге уақытын бөліп, сұрақтарын дайындап келген жастар алдында М. Ошурбаев студент кезіндегі белсенділігінің арқасында оқу орнының партасынан экология департаментіне бір-ақ секіргенін айтып, жастарға мотивация бергендей болды. Ал ондай жігерлендіруге еліге қоймаған жасы үлкен белсенділер алдында вице-министр әлеуметтік желі мен баспасөздегі сын мен ұсыныстың бәрін оқып отырғанын, кезінде баспасөз қызметінде жұмыс істегенін алға тартып отырды. Қалай десек те, министрдің кейбір деректеріне кездесуге келгендер күмән келтіре де алмады.

«Соңғы 5 айда былтырғы жағдаймен салыстырғанда атмосфераға тарайтын зиянды заттар  20 пайызға азайды. Бұл экожүйені жақсарту үшін қолға алған  Жол картасындағы жұмыстың алғашқы нәтижесі. Мысалы, осы жол картасы бойынша,  қалада көмір жағылмай, оның орнына газ пайдаланып жатыр. Барлығы 24 іс-шара қарастырылса, әзірге оның 5-уі орындалды»,- деді. М.Ошурбаев.

Вице-министр келтірген дерекке сенсек,  ЖЭО-1 және ЖЭО-2 -ге газ құбырлары салынып біткен. Жеке секторды газдандыру жүріп жатыр. Осы күнге дейін 14 мың абонент немесе 200 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізген.  Сондай-ақ, газға 13 дербес қазандық қосылған. Және газдандыру жұмысы 2025 жылы бітуі тиіс.

Кездесуде вице-министрмен бірге иық тіресіп отырған қала әкімдігінің өкілдері

Астанада көмір пештері ғана емес, қоғамдық көлік-автобустардың көмейі де тазарып жатқанын атап өтті. Мәселен, қалаға ешқандай түтін шығармайтын мың электр автобусы алыныпты. Коммуналды кәсіпорындардағы дизель мен бензин жағатын автокөліктердің  75 пайызы газ қондырыпты.

Дегенмен, Астана ауасының тазарып қалғанын тұрғындар мойындағанымен Есіл өзенінің экологиялық жағдайына қатты алаңдап, түрлі сұрақ қойды.

Әкімдік пен экология министрлігі өкілдері Есіл ғана емес, қаладағы барлық  су айдындары мен жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтумен болды. Ал «Астана жасыл желекті қала бола ма?» деген сұраққа шенеунік «2021-2025 жылдар аралығында 5,6 млн ағаш егіледі» деп жауап берді.