Ахметов көкте, Тоқсейітов жерде
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданының тұрғындары өңір басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ шешіміне қарсы. Ғаламторда президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА ашық хат жарияланып, жүздеген адам қол қойған.
Үржарлықтардың айтуынша, Семейге дейінгі тас жолдың елу пайызы жүруге жарамсыз және адам өміріне қауіпті. Енді облыс басшысы Даниял КЕНЖЕТАЙҰЛЫНЫҢ шешімімен әуежай жабылып отыр.
«Дүйсенбіден (19 сәуір - ред) бастап әуежай жабылады, құрылыс жұмыстары үш ауысымда, яғни терминалда, басқа да ғимараттарда және басты нысан – ұшу-қону жолағында жүргізіледі. Нысан жеке бақылауымда, екі аптадан кейін тағы келіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанын көремін, – деген еді облыс әкімі Даниал Ахметов.
«Біз әуежайға жөндеу жұмысын жасауға қарсы емеспіз. Бірақ тас жолды бітірген соң жасаса дейміз. 5-6 жылдан бері Семей бағытына да, Алматы бағытына да жол жоқ. Ұшақ ұшпаса изоляцида қаламыз ғой. Балаларымыз жолға шықса жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Президент осы мәселеге өзі аралаласса», - дейді Malim.kz сайтының тілшісіне үржарлық Аманғайша АҚАЖАНОВА.
Хат иелері жаз айына дейін жол құрылысы аяқталады деген жергілікті билік сөздеріне сенбейді. Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметов Үржарға тек тікұшақпен келетінін айтады. Тым құрыса бір уақыт Өскеменнен автомашинамен келсе, бізді түсінер еді дейді.
«Аудан әкімі Нұржан ТОҚСЕЙІТОВ былтыр тағайындалды. Ол кісі жолдың мехнатын біледі. Ал Ахметов көкте жүреді ғой. Сондықтан қандай азап пен қауіптің ортасында жүргенімізді білмейді. Жерде жүрген Тоқсейітов көктегі Ахметовке неге айтпайды екен», - дейді тағы бір үржарлық Марат ЖАЛАУОВ.
Облыс басшылығы жазда туристер келе бастағанда теміржол мен автобус рейстерін көбейтетіндерін айтады. Алайда, Үржарға ең жақын станция Аягөзге дейін 180 шақырым. Ал Жалакөш көл арқылы поезд тек Алакөлдегі суға түсу маусымы басталғанда ғана жұмысы жанданады дейді үржарлықтар.
«Менің денсаулығым нашар. Бел омыртқамның қырық пайызы сынған. Қысқасы, бел омыртқамды темірмен жинап қойған. Қыста ұшақ тоқтап қалған кезде Семейге бару үшін Аягөзге барып бір қонамын. Өйткені жолға шыдай алмаймын. Содан кейін поездға отырамын. Такси жалдасам артқы үш орынды жалдап жатып келемін. Мен сияқты адам көп. Әуежайсыз күніміз қараң. Үржар мен Аягөздің арасы да нашар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолды жасау керектігін айтады. Теледидардан түрлі бағдарламаларды көреміз. Өзімізді бір дамыған елде тұрып жатқандай сезініп қаламыз. Бірақ өмірде мүлдем басқа ғой. Әуежайды жапса Үржар халқының тағдыры не болады? Мен білмеймін», - дейді Аманғайша АҚАЖАНОВА.
Хат иелері Семей-Үржар, Алматы-Үржар бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары үнемі тоқтап қалатындарын және жасалған жерлердің сапасыз екенін айтады. Сексен мың халқы бар аудан жұрты үнемі түрлі шаруамен Семей және Өскеменге баратындарын айтады. Сондықтан да жолдың жағдайын жергілікті шенділерден кем білмейміз дейді.
Айтпақшы, бүгін ғана президент Тоқаевтың сынынан кейін автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек БАРМАҚОВ пен Батыс, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облысы әкімінің жолға жауапты орынбасарлары қызметтерінен кетті. Ал шығыстың жолы үшін жауап беретін Бақытжан БАЯХМЕТОВТІ (ШҚО облысы әкімінің орынбасары - ред) бұл орын босатулардың қалай айналып өткені түсініксіз.
Фото: mail.kz