Базарды қарапайым жұмысшылардың ақшасымен жөндемек
Алматы қаласындағы «Кенжехан» базарының саудагерлері әкім Досаевқа базар қожайындары қомақты ақша жинап жатқаны туралы шағымданды.
Базар жұмысшылары «Кенжехан» базарының қожайындары базарды модерниациялау үшін саудагерлерден қаржы жинап жатқанын айтты. Саудагерлердің айтуынша базар иелері әр нүктеден 5 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Кәсіпкерлер базар басшыларының бұл шешіміне наразы, себебі базарды қайта жабдықтау бастапқыда саудагерлер емес, қожайындардың есебінен жүзеге асырылады деп сендірген.
«Қысым мен бопсалау нәтижесінде ол адамдар қазір ақша алып жатыр. Неге олардың бізді алдауына жол бересіз? Бұл ақша ел бюджетіне түссе бір жөн, бірақ миллиондаған қаражат бір адамның қалтасына түсіп жатыр. Базардағы бопсалау қашан тоқтайды? Бізге қашан араша түсесіздер?» деп сұрады алматылық кәсіпкер Досаевтан, әкімнің Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында.
Алматыда жұмыс істеп тұрған 56 базардың ішінде Кенжехан ірі базар болып саналады екен. Қала басшысы базарларды жаңғырту жұмысы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жүргізілуі тиіс болғанын хабарлады. «Алайда пандемияға байланысты біраз шаралар кешіктірілді. Базар иелері базарды жаңғырту үшін қаржы жинайтындарын хабарлаған. Өкінішке қарай, келісім-шартқа адамдар өздері қол қояды», деп жауап берді Ерболат Досаев.
Қала басшысы прокуратураның қазір «Кенжехан» базарын тексеріп жатқанын, жақын күндері ол бойынша шешім шығарылатынын айтты.
Биыл сәуір айында «Кенжехан» базарының иесі базарды жалға алушылардың есебінен жөндеуге ниетті екенін хабарлаған. Базар иесі әр саудагерден шамамен 5 миллион теңге талап етеді. Бұл шешіммен келіспеген адамдар ереуілге шығып, бутиктерді жауып тастады. Базар басшылығы өз қаражатына базарды модернизациялай алмайтындарын жеткізген.