Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы мәселе әзірге түпкілікті шешілмеген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, 150 мың теңге – бекітілген мөлшер емес, бұл алдағы уақытта қол жеткізу көзделетін мақсатты көрсеткіш. Оның сөзінше, ең төменгі жалақыны арттыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Асқарбек Ертаев Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі енгізілгенін айтты. Енді бұл көрсеткішті айқындау кезінде медианалық жалақы мен еңбек өнімділігі негізгі өлшем ретінде ескерілетін болады.
– Біз бұл тәсілді ең төменгі жалақы ел экономикасының нақты мүмкіндіктеріне сай өссін деген мақсатта таңдадық, – деді министр.
Қазір жауапты мемлекеттік органдар жаңа әдістеме бойынша қажетті есептеулер жүргізіп жатыр. Мамандар ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтерудің мемлекеттік бюджетке, бизнеске және әлеуметтік төлемдер жүйесіне ықпалын бағалауда.
Министрдің сөзінше, мұндай шешім қабылданған жағдайда қосымша қаржылық жүктеме республикалық және жергілікті бюджеттерге ғана емес, жеке сектордағы жұмыс берушілерге де түседі. Өйткені олар да қызметкерлеріне белгіленген ең төменгі жалақыдан кем емес еңбекақы төлеуге міндетті болады.