Болат Назарбаев «Барыс» автобазарынан айырылды
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев сот шешімімен автокөлік базарынан айырылды, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Қарасай ауданының прокуратурасы Болат Назарбаевқа жалпы көлемі 35 гектардан асатын жер телімдерін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгініп, сот «Барыс» базары орналасқан жерді мемлекетке қайтару туралы қаулы шығарған болатын. Бірақ Болат Назарбаев шешімге қарсы шығып, апелляциялық шағым түсірді.
– Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа оның заңдылығы мен негізділігіне байланысты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, – деп хабарлады сотта.
«Барыс» автобазары Алматы-Бішкек тас жолының бойында, Қаскелең қаласында орналасқан. Базарда пайдаланылған автокөліктер мен авто бөлшектер сатады. Бұның алдында бұрынғы президенттің інісі "Алтын орда", "Орталық әмбебап базары", "Барыс-4" базарларынан айырылған.