Дауылдан соң: Мырзахметов кетті, Сапарбаев келді
Бүгін ғана екі бірдей шенеунікті президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен орнынан босатқан Жамбыл облысының әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВТІҢ өзі де қызметінен кетті. Бұл туралы Malim.kz Ақорда сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Мырзахметов Асқар Исабекұлы Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.
Ол бұған дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі сияқты лауазымды қызметтер атқарған. Бұрын бір мәрте әкім де болған. Оңтүстік Қазақстан облысын 2009-2015 жылдар аралығында басқарған. Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі болып 2018 жылы тағайындалған еді. Енді шенеунік қай қызметке барар екен? Айтпақшы, Асқар Исабекұлы да Сапарбаев сынды вице-премьер қызметінде болған. Біздегі дәстүр бойынша, бәлкім, айналып кеп бұрынғы орнына қайта жайғасар. Ол орын босап та тұр ғой...
Фото: forbes.kz
Мырзахметовтің орнынан түскені туралы ақпараттан кейін көп өтпей-ақ Ақорда сайты «Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын» деген президент жарлығын жариялады.
67 жастағы саясаткер осымен Қазақстанның бесінші облысын басқарып отыр. Түркістан, Қызылорда, ШҚО, Ақтөбе енді міне Жамбыл облысының басшысы. Әзірге бес бірдей облысқа әкім болған басқа шенеунік еске түспей тұр. Сондай-ақ, Бердібек Мәшбекұлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін екі рет басқарған. Және вице-премьер лауазымында да екі рет болған.
Фото: Malim.kz