Коронавирус: вакцина салу керек пе?
Коронавирустың жер әлемге тез таралуы ғалымдарды шұғыл түрде вакцина дайындауға итермеледі. Ондаған жылдар бойы көптеген ауру түрінен қорғап келген вакцинацияға коронвирусқа дейін-ақ жұртшылықтың күмәні артып келе жатқаны байқалған-ды. Қазақстанды да әр түрлі жалған ақпараттар – фейктер мен халық арасындағы вакцинаға қарсы наразылық айналып өткен жоқ. Мысалы, 2019 Wellcome Trust ұйымы жүргізген зерттеуге сай, «Екпе денсаулыққа зиян емес» деген пікірмен тек 46 пайыз қазақстандық келіскен. 10 пайызы қарсы екенін айтса, 32 пайызы екеуін де таңдамаған. Алайда пандемия мұндай еркелікті көтермеуі мүмкін. Бүгінде COVID-19-ға қарсы вакцинаның елу шақты түрі адамдарға егіліп, сынақтан өтіп жатыр. Оның ішінде QazCovid-in`да бар. Біз бұл материалда вакцина тақырыбын жан жақты талдап, оқырманның біраз сұрағына жауап беруге тырыстық.
Вакцина деген не және ол қалай жұмыс істейді?
Негізі организмнің патогеннен (ауруға себепкер организм) қорғанатын жолы көп. Патоген шынымен-ақ организмге қандай да бір ауруды жұқтырса, иммунды жүйе деп аталатын қорғаныс күші іске қосылып, оған шабуыл жасайды. Әр патоген бірнеше бөліктен тұрады, бұл әдетте патогеннің өзіне байланысты. Антидененің қалыптасуына негіз болатын патогеннің элементі антиген деп аталады. Антидене иммун жүйесінің маңызды бөлігі. Оларды иммун жүйесінің сарбаздары деуге болады. Организміміздегі әр бір антидене нақты бір антигенді табуға дағдыланған. Қазір біздің бойымызда мыңдаған антидене бар. Организм қандай да бір антигеннің шабуылына ұшыраса, иммун жүйесі антидене жасап шығару үшін біраз уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында адам ауырып қалуы мүмкін.
Ал вакцинаның құрамында нақты микроорганизмнің (антиген) әлсіреген не белсенді емес бөліктері болады. Жаңа вакцина құрамында антигеннің өзі болмайды, олар оны жасаудың жоспарын түзеді.
Қай вакцина дұрыс?
Вакцина жасаудың бірнеше жолы бар. Бүгінде коронавирусқа қарсы 200-ден астам түрі сынақтан өтіп жатыр. 50-ге жуығы зерттеудің үшінші фазасында, яғни бұл сынақ адамдардың қатысуымен жүргізілуде. Мыңдаған адамға егілу арқылы өтетін зерттеудің үшінші кезеңінде вакцинаның әр түрлі жанама әсері толықанды тексеріледі.
Қазақстандық вакцина: Қазақстанның QazCovid-in вакцинасы қазір зерттеудің үшінші кезеңінде. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында жасалып жатқан вакцина сынағына үш мың адам қатысып жатыр. Зерттеу басталған уақыт 2020 жылдың 25 желтоқсаны, аяқталу уақыты биылдың 30 шілдесі деп көрсетілген. Зерттеуге қатысып жатқан 18 жастан асқан 2400 еріктіге QazCovid-in салынса, қалған 600-не плоцебо (емдік қасиеті жоқ сұйықтық) салынады. Екеуі де 21 күн өткен соң екінші рет қайта егіледі. Зерттеудің жетекшісі Берік Хайруллин. Ол отандық вакцинаның қауіпсіздігі жағынан ресейлік, британдық, америкалық баламаларынан кем емес екенін айтқан. Ал Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов қазақстан вакцинасының тиімділігі 96% деді. Бұған дейін қазақстандық вакцина инактивті деп хабарланды. Бұл дегеніңіз ауруға себеп болатын вирус не оған ұқсайтын микроарганизм өлтіріледі дегенді білдіреді. Вакцина жасаудың бұл тәсілі тұмуаға не полимелитке қарсы вакцина өндәруде пайдаланылған. ДДСҰ мұны вакцина жасаудың жақсы тәселдерінің бірі десе де, басқа ғылыми деректер оның әсері әлсіз болады дегенді айтады. Бұл технология қауіпсіз әрі жанама әсері аз болғанымен, тиімділігі де ұзаққа бармауы ықтимал. Сондықтан да екі-үш рет егілуге тиіс.
Айта кету керек, Қытайдың Vero және CoronaVac вакциналары да осы негізде жасалған. Бірақ ашық дереккөздегі ақпараттарға сай, олардың әсері 78-79% айналасында болған. Жалпы бұл вакцина әр жердегі зерттеуде түрлі нәтиже көрсеткен.
Британ және Ресей вакцинасы: Оксфорд университеті мен AstraZeneca бірігіп жасаған вакцина мен ресейлік “Cпутник V” векторлы технологияны пайдаланған. Бұл технология басқаларынан организмнің өз клеткалары антиген жасап шығаратынымен ерекшеленеді. Яғни ғалымдар өзгертілген вирустың (вектор) басқа нұсқасын біздің клеткаларымызға тиісті ақпаратты жеткізу үшін пайдаланады. Вектор біздің денеміздегі жасушаға енеді, содан кейін COVID-19 тудыратын вирустың зиянсыз бөлігін жасау үшін жасуша механизмдерін пайдаланады. Мысалы, Эболаға қарсы rVSV-ZEBOV вакцинасы осы негізде жасалған. Британдық пен ресейлік вакцинаның айырмашылығы орыстар адам аденовирусын пайдаланса, ағылшындар маймыл аденовирусын қолданған. Бұл технологияның тиімсіз тұсы-вакцина жасау көп уақыт пен зерттеуді қажет етеді. Тиісінше, вакцинаны көп өндіру қиындық тудыруы мүмкін.
АҚШ вакцинасы: Moderna мен Pfizer/BioNTech (Германия мен АҚШ компаниялары бірігіп жасаған) вакциналары генетикалық материалдар негізінде жасалған. Бұл кезде нуклеин қышқылына негізделген вакцина ағзаның жасушаларына ДНҚ немесе мРНҚ түріндегі нұсқаулардың белгілі бір жиынтығын береді, бұл оларды қажетті арнайы ақуызды синтездеуге итермелейді, оны біздің ағзаның иммундық жүйесі танып, жауап беруі керек. Бұл түрдегі бірде-бір вакцина коронавирус пандемиясына дейін мақұлданбаған еді. Бірақ кейбір түрлері адамдардың қатысуымен зерттеуден өтіп жатқан. Оның ішінде қатерлі ісікке де қатысты вакциналар болған-ды. Соңғы кездегі жағдай осы тұрғысындағы зерттеудің тезірек жүруіне итермеледі.
Вакцинаның жанама әсері
Коронавирусқа қарсы егілген вакцинаның жанама әсерлері болуы мүмкін. Алайда бұған қатты алаңдаудың қажеті жоқ, себебі бұл вакцинаның әсерін және организмнің вакцинаға реакциясы мен иммунитет қалыптасып жатқанын көрсетеді. Жанама әсер ұзаққа бармай, біраз күн өткен соң өздігімен жоғалады. Ауыр жанама әсерлер сирек кездеседі. Әдетте вакцина 1 миллион адамға салынса, оның бір-екеуінде ғана ауыр аллергиялық реакция байқалады. Вакцинаның бәріне тән жанама әсерге мыналар жатады:
- Вакцина егілген жердің ауырсынуы, қызаруы;
- Әлсіз қалтырау;
- Шаршаңқылық басуы ықтимад;
- Бас ауруы;
- Буынның ауырсынуы.
АҚШ-тың Ауруды бақылауда ұстау және профилактика орталығының хабарлауынша, Moderna мен Pfizer/BioNTech вакцинасының ортақ реакциялары мыналар: егілген қолда ауырсыну мен ісіну болуы мүмкін. Дененің басқа бөлігінде дене қызуы көтеріліп, шаршаңқылық басып, бас ауырып, қалтырауыңыз ықтимал.
Ресейлік “Спутник V” вакцинасының да жанама әсерлері жоғарыда айтқандарға келеді. 2 ақпандаThe Lancet журналында жарияланған есепке сай, бұл вакцина егілген қолдың ауыруы, тұмауға ұқсас симптомдар, бас ауруы мен әлсіздік секілді әсер берген. Қазақстандық вакцинаның жанама әсері туралы нақты айту үшін зерттеудің үшінші кезеңі біткенін күту керек.
Автор: Терликбаев Думан
Оқи отырыңыз: Бірде-бір вакцина 100 пайыз қорғай алмайды
Оқи отырыңыз: Дәрігер Қазақстанға жаппай вакцина қажет емес