Коронавирус: Зайсанда не болып жатыр?
Кеше түстен кейін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Сарытерек ауылының тұрғындары жиналып, наразылықтарын білдірді. Әлеуметтік желіде тараған видеолардағы айтылған сөзге қарағанда Майқапшағай бекеті арқылы Қытай елінен бір автобус жолаушы келеді. Оларды Сарытерек ауылдық амбулаториясына жатқызып, 14 күн бойы бақылауға алмақ болған. Бұл туралы халыққа Зайсан аудандық ауруханасының дәрігерлері ескерткен көрінеді. Осыған наразы болып жиналған жұрт кеше, яғни 19 ақпан күні түнгі сағат 12-ге дейін тарқамай тұрып алған.
Жұрт ауылдық амбулаторияны ауылдың мәдениет үйіне көшірмек болған екен. Шекарадан кірген жолаушыларды жатқызу үшін амбулаторияның ішіне төсектерді кіргізіп, дайындық жұмыстарын жасап қойған. Ашуланған елдің: - ол төсектерді шығартып тастадық – деген, сөздерін де әлеуметтік желіге тараған видеолардан естуге болады.
Наразылық танытқан ел аудан әкімдігінен бірді-бір шенеунік келмегеніне де қатты ашулы. Аудан әкімінің өзі түнгі сағат 10-да әрең келді деп отыр. Қойып отырған талаптары да анық. Тек Майқапшағай кеден бекеті жабылсын дейді.
Осы жағдайға байланысты бүгін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Зайсан ауданына барды. Облыс басшысының келгенін естіген халық бүгін де көп жиналған. Қордаланған мәселелерін айтып, шетелдік жұмысшылар елден шығарылсын деген ұсыныстарын да айтты. Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі: - өңірімізге науқас адамдар әкелінеді деген ақпарат жалған. Шындыққа сәйкес келмеймін мәліметтерді таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске саламыз, – деп ақпарат таратты.
Ал бүгін таңертең ғана Шығыс Қазақстан облысы денсаулық басқармасының фейсбуктегі парақшасында облыс бойынша барлығы 835 обсервациялық төсек дайындалғаны жайлы ақпарат тарады. Басқарма басшысының баяндамасын сөзбе-сөз бергенді жөн санадық.
Құрметті Шығыс Қазақстан тұрғындары!
Қытай Халық Республикасында коронавирустық инфекцияның жаңа түрінің басталуы және инфекцияның әкелінуі мен таралуын болдырмау мақсатында, Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасарының шешіміне сәйкес, 2020 жылғы 20 ақпаннан бастап келесі іс-шаралар еңгізіледі:
- Ағымдағы жылғы 20 ақпанда Қытай Халық Республикасынан (бұдан әрі – ҚХР) келген адамдарды 14 күн бойы өңірлік провизорлық стационарда оқшаулай отырып, кейіннен медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымдарында медициналық бақылау арқылы тұрғылықты жері бойынша шығарылғаннан кейін 10 күн бойы карантин (күн сайын қоңырау шалу);
- Тіркелген коронавирустық инфекция (бұдан әрі – КВИ) жағдайларының саны 10 жағдайдан астам КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден келген адамдарды Қазақстан Республикасының (бұдан әрі - ҚР) шекарасынан өткен күннен бастап МСАК-тың орта буынды медицина қызметкерінің үйге күнделікті баруы арқылы 14 күн бойы үй карантинін (өзін-өзі оқшаулауды) және одан әрі 10 күн ішінде тұратын жері бойынша МСАК -тың медициналық қадағалау (күн сайынғы қоңырау шалу);
- Тіркелген КВИ жағдайларының саны 10 жағдайға дейін КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден келген адамдарды тұратын жері бойынша ҚР шекарасынан өткен күннен бастап 24 күн бойы МСАК-та медициналық бақылауға алынады;
ҚХР шекарасына жақын жатқан Зайсан және Үржар аудандарында ҚХР-дан келген Қазақстан азаматтарын бақылау үшін жалпы саны 295 төсектік жеке тұрған ғимараттардағы карантинді стационарлар дайындалды. Бұл келген барлық адамдар, біріншіден біздің жерлестеріміз, екіншіден, ауру белгілері жоқ дені сау адамдар.
Шығыс Қазақстан аумағына ҚХР шекарасы арқылы келген әрбір адамды шекарада медицина қызметкерлері тексеріп жатыр. Егер адамда шағым болмаса, дене қызуы қалыпты жағдайда, жөтел мен тұмау болмаса, онда олар Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес обсервациялық төсекке бақылауына, емделусіз орналастырылады. Егерде келген азаматтарды тексеру кезінде вирусты инфекция ауруының белгілері анықталса, оларды бірден инфекциялық ауруханаға жатқызады.
Сондай-ақ, егер осы обсервациялық ғимараттарда карантиндегі адамдарда ауру белгілері анықталса, біз оларды оқшаулап, кейіннен емдеу үшін жұқпалы аурулар бөлімшесі мен бокстарға ауыстырамыз.
Семей және Өскемен қалаларында фтизиопульмонологиялық ауруханаларында 110 орындық төсек-орын дайындалды. Керекті жағдайда Шемонаиха ауданындағы Уба санаториінде 250 орын, Алтай ауданындағы Грехово санаториінде 80 орын және Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансерде 100 төсектік бақылау ауруханалары орналастырылатын болады.
Осылайша облыс бойынша барлығы 835 обсервациялық төсек дайындалды.
Біздің отандастарымыздың осындай обсервациялық стационарларда болу мысалдарының бірі- ҚХР Ухань қаласындағы карантин аймағынан шығарылған еліміздің 254 азаматы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантинге жатқаны бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда олардың барлығы үйлеріне жіберілді.
Сондай-ақ, облыста 1023 жұқпалы төсек және жеке 80 бокстар бар. Медициналық ұйымдар маскалармен, қолғаптармен, қорғаныш костюмдерімен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.
Фото: egemen.kz
Жанболат Сания.